Фейк: «Ғалымдар вакциналардың улы екенін дәлелдеді»
Қазақстандық Telegram-чаттарда тараған видеода автор вакциналардың уыттылығын дәлелдейтін белгісіз бір зерттеу туралы айтады. Оның мәлімдемелерін талдап, мұның бәрі неге жалған екенін түсіндірейік.
Видео авторының сөздерінде күмән келтіретін жайт – зерттеу туралы айтылған сөзі. Видеода ер адам оны кім жүргізгені, еңбектің қалай аталатынын және оның қай жерде жарияланғаны туралы айтпайды. Сондай-ақ зерттеумен танысуға болатын сілтемелер тіркелмеген. Бұл мұндай жұмыстың бар екендігіне күмән келтіреді.
Одан әрі роликтің авторы COVID-19 қарсы барлық вакциналардың құрамы бірдей деп айтады. Әр түрлі өндірушілер өз препараттарын түрлі платформаларда жасағандықтан бұл жалған: мРНҚ, вирустық векторлар, инактивтендірілген вирус т.б. Қазақстанда тіркелген вакциналардың құрамымен ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ресми сайтында танысуға болады. Онда жарияланған мәліметтерге сәйкес, вакциналар құрамы жағынан айтарлықтай ерекшеленеді.
Бұдан кейін автор өз сөзіне қарсы шығады. Оның айтуынша, әртүрлі вакциналардың уыттылық дәрежесі әртүрлі екен. Құрамы жағынан бірдей заттардың уыттылығында немесе басқа бір қасиетінде ерекшеленбейтіні анық. Шын мәнінде, COVID-19 қарсы вакциналар мүлдем улы емес. Иммундау препараттарының уыттылық дәрежелері көп деген теорияны алғаш рет америкалық вакцинацияға қарсы тұлға және қастандық теориясын жақтаушы доктор Джейн Руби алға тартқан. Ол өз сөздеріне ешқандай дәлел келтірмеді, яғни оның пікірі негізсіз. Сонымен қатар оның осыған ұқсас бірқатар мәлімдемелерін PolitiFact және Reuters порталдарыыныңң америкалық фактчекерлері жоққа шығарған болатын.
Сондай-ақ видеода вакциналардан белгісіз металл заттар табылды деген тезис бар. Бұл – конспирология. Мұндай теорияла бірнеше рет жоққа шығарылды. COVID-19 қарсы вакциналарды әлем бойынша мыңдаған ғалым зерттеді. Егер олардың құрамында шынымен де жасырын металл бөлшектері болса, онда бұл бірден жария болатын еді.
Сонымен қатар роликтің авторы вакциналардың құрамында биологиялық препараттар табылмағанын айтады. Бұл пікірдің мағынасыз екенін және ештеңені дәлелдемейтінін түсіну үшін биологиялық препараттардың не екенін білуіміз керек. Бұл негізінен тірі жасушалардан алынған немесе олардың көмегімен жасалған ақуыздары бар дәрі-дәрмек.
Мұндай дәрі-дәрмек COVID-19 қарсы вакциналардың құрамына кіреді деп ешкім еш жерде мәлімдемеген. Бірақ екпелердің кейбір түрлерінде болатын SARS-CoV-2 коронавирусының спайк ақуызына байланысты вакциналарды бір жағынан биологиялық препарат деп те санауға болады. Мұндай препараттардың құрамындағы спайк ақуызы мүлдем қауіпсіз екенін ескеру маңызды.
Сондай-ақ видео авторының сөзінше балаларға арналған COVID-19 қарсы вакциналар ересектерге салынатын екпеден ерекшеленбейді. Бұл да өтірік. Вакцинаның түріне байланысты ересектерге арналған препараттар балалардың екпесінен белсенді зат мөлшерімен және көлемімен ерекшеленеді.
Қорытындылай келе, автор COVID-19 қарсы вакциналар пандемияға дейін әзірлене бастағанын хабарлайды. Бұл қастандық теориясы бұған дейін жоққа шығарылған. Препараттардың қысқа мерзімде әзірленуін COVID-19 пандемиясы басталған кезде SARS-CoV-2 штаммына қарсы вакцинаның негізі ретінде алынған SARS және MERS коронавирустарына қарсы вакциналардың алдын ала нұсқалары болғандығымен түсіндіруге болады.
Видеода бірде-бір шынайы дерек аталмаған. Барлық тезистер ғылымға қарсы немесе жоққа шығарылған және әртүрлі қастандық теорияларының қайталануы болып табылады. Демек, ролик – фейк және оған сенудің қажеті жоқ.