Медициналық фейктер

Жалған: «Тұмауды мұрынға сутегі асқын тотығын тамызу арқылы емдеуге болады»

Instagram-да сутегі асқын тотығымен тұмауды қалай емдеуге болатындығы туралы видео тарады. Бұл жалған.

Видео кейіпкері – баламалы медицинаны жақтаушы Иван Неумывакин. Кеңес заманында ол көптеген ауруларды сутегі асқын тотығымен емдеуді белсенді түрде насихаттаған. Роликте ол ¼ стакан суға 20 тамшы сутегі асқын тотығын қосып, ерітіндіні мұрынға тамызса, тұмау вирусын, сондай-ақ саңырауқұлақтар мен микробтарды өлтіруге болатынын айтады.

Бұл өтірік. Мұндай мәлімдемелер ғылыми әдебиеттерде жоқ, дәрігерлермен де расталмайды. Бұл емдеу әдісі денсаулыққа елеулі зиян келтіріп, өлімге әкелуі мүмкін.

Америкалық Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) сутегі асқын тотығын ішке қабылдаудан сақтандырады: «Ішкенде сутегі асқын тотығының медициналық пайдасы бар екендігіне дәлел жоқ. Сутегі асқын тотығын тұтынудың салдары ауыр болуы мүмкін».

ЕО елдерінде сутегі асқын тотығы тек жараларды немесе периодонтитті емдеу құралы ретінде ғана мақұлданған. Google Scholar академиялық әдебиет іздеушісінде де, денсаулық сақтау мекемелерінің парақшаларында да H2O2 ішу кейбір ауруларда көмектесетіні туралы ақпарат жоқ. Сутегі асқын тотығы ерітіндісін мұрынға тамызғанда немесе оны теріге жаққанда оң әсері болатынына да дәлел жоқ. Мұны дәрігерлер де, зерттеушілер де түсіндірген болатын.

Сутегі асқын тотығын ішсе де, мұрынға тамызса да, буымен дем алса да, ол ауруларды емдеуде тиімсіз,

Toxicological Reviews журналында жарияланған зерттеу «сутегі асқын тотығының ерітінділерімен дем алу жөтел мен ентігуді, шырышты қабықтың қатты тітіркенуі мен қабынуын тудыруы мүмкін» екенін көрсетті.

Демек, таралған видеоға сенудің қажеті жоқ. Тұмауды сутегі асқын тотығымен емдеу мүмкін емес. Бұл кеңес денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button