Испан тұмауынан емес, оған қарсы вакцинадан көз жұмғандар көп деген гипотеза – миф
YouTube желісінде MedAlternativa.info атты пайдаланушы жариялаған видео қазақстандықтар арасында кеңінен таратылуда. Фотосуреттерден құрастырылған кадрларға титрлер берілген. Онда испан тұмауы пандемиясы кезінде емес, осы індетке қарсы вакцинациялау кезінде көп адам көз жұмған деп жазылған. Stopfake.kz порталы бұл мәліметтің неге шындыққа жанаспайтынын айтып береді.
Алғашқы секундтардан бастап видеода АҚШ әскерін испан тұмауына қарсы вакцинациялау суреттері көрсетіледі. Олар 1911 жылы түсірілген делінген.
Осыған ұқсас суреттер Оңтүстік Каролина университетінің цифрлық жинағында бар. Бірақ олар 1918 жылы түсірілген. Сондай-ақ, бұл фотосуреттер Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде ашық хаттарды басып шығаруда қолданылған делінген.
Бұл видеоның жалғандығын әшкерелейтін бір ғана белгі емес. Википедияның мәліметінше, испан пандемиясы 1918 жылы басталып, екі жылға созылған. Сарбаздарды әлемге жеті жылдан кейін ғана белгілі болған ауруға қарсы 1911 жылы вакцинациялау мүмкін емес. Видео авторы қателік жіберіп, 1918 жылдың орнына 1911 жыл деп көрсетсе де, айтарлықтай айырмашылық жоқ. Тұмауға қарсы алғашқы бекітілген белсенді емес вакцина тек 1940 жылдары ғана пайда болған. Оны АҚШ әскери күштері әзірлеген. Бұған дейін испан тұмауын емдеудің ең тиімді әдісі ауру жұқтырғандардың жазылып жатқандарынан науқастарға қан құю болған.
Келесі кадрда роликтің авторы сол жылдардағы АҚШ әскери министрі Генри Л. Стимсонның Бірінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы алты айында сары безгекке қарсы вакцинациялаудан кейін 63 өлім және В гепатитін жұқтырудың 28 585 жағдайы тіркелгендігі туралы сөзін келтіреді.
Бұл дерек те шындыққа жанаспайды. Біріншіден, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Генри Л. Стимсон Францияда қызмет еткен. Екіншіден, соғыс кезінде (1914 жылғы 28 шілде – 1918 жылғы 11 қараша) ол ешқандай саяси қызмет атқармаған. 1911 жылдың 22 мамырынан 1913 жылдың 4 наурызына дейін АҚШ-тың 45-ші әскери министрі болған. Ал 54-ші әскери министр болып тек 1940 жылдың 10 шілдесінде ғана тағайындалды және бұл қызметте 1945 жылдың 21 қыркүйегіне дейін істеген. Тиісінше, соғыс кезінде оның АҚШ әскеріндегі жағдай туралы мәлімдеме жасауға мүмкіндігі де, өкілеттігі де болмаған.
Сары безгекке қарсы вакцинаның өзіне келетін болсақ, оны Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін ғана 1937 жылы жасап шығарған. Авторы – америкалық вирусолог Макс Тейлер. 1951 жылы ол өзінің әзірлемесі үшін Нобель сыйлығын иеленді.
Сондай-ақ, бейнероликте вакцинациялаудан кейін сырқаттанушылық көрсеткішінің айтарлықтай өсуін растайтын «әскери жазбалар» туралы баяндалады. Өкінішке орай, автор мұрағатта аталған жазбалардың бар-жоғын анықтауға және растауға болатын күндер, атаулар, немесе басқа да мәліметтерді келтірмейді.
Видеода іш сүзегіне қарсы вакцинациялаудың «ауыр салдары» туралы айтылады. Видеоны жасағандар вакцинациялау ауруды емдемей, оны ушықтыра түсті деп мәлімдейді.
Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметінше, олай боулы мүмкін емес. Іш сүзегіне қарсы вакцина XIX ғасырдың соңында белгілі болғанына қарамастан, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде оны кеңінен қолданылмаған.
Жалпы алғанда, видеода жасалған мәлімдемелердің бірде-бірі шындыққа жанаспайды немесе сенімді дереккөздерге сілтеме жасамайды.
Барлық жаңалықтар біздің Telegram-арнамызда t.me/stopfake_kz.