Фейк: «Маска тағу режимінің мақсаты – адамдардың ерік-жігерін басу»
Қазақстандықтар бөліскен мәтінде маска тағу режимінің мақсаты – адамдардың ерік-жігерін басу делінген. «Оларға» адамдардың қандай маска тағатыны, олардың қаншалықты таза және аурудан қорғай ма, жоқ па, бәрібір. Бұл мәлімдемелерді талдап, неге дұрыс емес екенін түсіндірейік.
Біріншіден, «оларға» деп кімді меңзеп тұрғаны белгісіз.
Екіншіден, мұндай қастандық теориясы кеш тарады деуге болады – Қазақстанда қоғамдық орындарда міндетті түрде маска тағу талабы 2022 жылдың наурыз айында алынып тасталды.
Үшіншіден, адамдар таза маскамен жүр ме, жоқ па, маңызды емес деген тезис те дұрыс емес. Матадан жасалған бетперделерді неше рет жуу керек, бір рет қолданылатын маскаларды қашан ауыстыру керек, оларды қалай дұрыс киіп-шешу керектігі туралы ұсыныстар көптеген ресми ресурстарда, соның ішінде ДДҰ-ның ресми сайтында жарияланған. Оларда масканы дұрыс тағу өте маңызды жәнебұл COVID-19-дан қорғауда маңызды рөл атқаруы мүмкін делінген.
Төртіншіден, пандемия кезінде бетперде тағу – бұл орынсыз емес, тиімділігі көптеген ғылыми зерттеулермен дәлелденген шара. Сонымен қатар маска тағу жаңа тәжірибе емес. Бұл респираторлық аурулардың алдын алудың бұрыннан белгілі құралы, ол індет кезінде өзінің тиімділігін бірнеше рет дәлелдеді.
Бесіншіден, маска тағу адамның ерік-жігерін басады деген теория толығымен ғылымға қарсы. Пандемия кезінде бетперде тағу қауіпсіздік пен ынтымақтастық сезімін арттыратындығын дәлелдейтін зерттеулер бар.
Frontiers in Psychiatry ғылыми журналында жарияланған зерттеу пандемия кезінде депрессиялық және суицидтік тенденциялар көбінесе аурудың алдын алу туралы толық ақпаратқа қол жеткізе алмаған, өздерін инфекцияға бейім деп санаған немесе қауіпсіз және таза медициналық маскаларды қолдана алмаған адамдарда болған деп жазылған.
Маска тағу адамдардың ерік-жігерін басумен байланысты болуы мүмкін деген теорияны әртүрлі елдердің фактчекерлері жоққа шығарды.
Демек, таралған мәтінде жалған және ғылымға қарсы мәлімдемелер бар және оған сенудің қажеті жоқ.