Фейк: «Ата-анасы оны келісімінсіз туғаны үшін қызы оларды сотқа берген»
Әлеуметтік желі қолданушылары тарағтқан ролик кейіпкері ерекше оқиғаны баяндайды. Ол өз ата-анасын оны келісімінсіз туғаны үшін сотқа беріп, жеңіп шыққанын айтады. Қазнет пайдаланушыларының пікірінше, қазақстандық балаларды қазірден бастап мектеп психологтары осындай нәрселерге үйретіп жатыр. Бұл жалған.
Таралған ролик кейіпкерінің сөзінше, судья оны қолдап, ол жұмыс істемес үшін ата-анасын оған ай сайын бес мың доллар төлеуге міндеттеген. Алайда, әке-шешесі бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Нәтижесінде бірінші сатыдағы соттың шешімі жойылды. Енді ол жұмыс істеп көрмегенін, тәжірибесі жоқ екенін, өздігінен бес мың доллар таба алмайтынын айтып отыр. Сөзінің соңында ол болашақ ата-аналардан балаларды өмір бойы бағып-күтуге дайын болмаса, тумауға шақырады.
Шын мәнінде, видеодағы әйел – TikTok-тағы танымал ағылшын тіліндегі парақшаның иесі. Ол оны Kass Theaz бүркеншік атпен жүргізеді және әрбір жаңа видеоның астына оның сатира екенін көрсететін хэштег қояды. Сондай-ақ оның профилінде «Сатиралық аккаунт» белгісі бар.
Осыған қарамастан, көптеген пайдаланушылар ата-анасын сотқа беруге қатысты сөзін шын деп қабылдап, оны айыптаған.
Жағдайдың мән-жайын түсіну үшін The New York Post тілшілері роликтің авторына хабарласқан. Ол оларға әзілдегенін және және оны бәрі түсінеді деп ойлағанын айтады. Сондай-ақ, оның сөзінше, видеоға адамдардың осыншама ден қоюы олардың қандай да болмасын ақпаратты тексермейтіндерін анық көрсетті.
Мектеп психологтары балаларға өз ата-аналарын сотқа беруге үйретеді деген теорияға келетін болсақ, бұл негізсіз және ойдан шығарылған.
Желіде мектеп педагог-психологтарының лауазымдық нұсқаулықтарының тізімі бар құжаттар жарияланған. Оның ішінде оқушыларға заңгерлік кеңестер беру кірмейді.
Қорыта айтқанда, Қазнетте таралған ақпарат фейк. Ата-аналардың соты туралы видео – сатира, ал мектеп психологтары қазақстандық балаларға әке-шешесін сотқа беруді үйретеді деген пікір жалған.