Алаяқтық

Фейк: «TikTok-та видеоларды көріп, күніне 50 мың теңгеден табуға болады»

Қазақстандықтарға мессенджерлерде TikTok әлеуметтік желісіндегі видеоларды көріп, күн сайын 20-50 мың теңгеге дейін ақша табуға болатыны туралы хабарламалар келіп түсуде. Бұл өтірік.


Таратылған ақпарат TikTok-тың персонал жалдау менеджерінің атынан жазылған екен. Алайда, бұл әлем бойынша кеңселері бар, жаппай ақпарат тарату арқылы адамдарды жұмысқа қабылдамайтын ірі компания. Компанияның барлық бос жұмыс орындары туралы ақпарат LinkedIn желісіндегі парақшада орналастырылған. Олардың ішінде видеоларды көрумен ғана айналысатын вакансия жоқ.
TikTok-тың ресми сайтында аталған желіде өз аккаунтын кім және қалай монетизациялай алатыны туралы толық ақпарат ұсынылған. Қызықты роликтерді көрген адамдар контент жасаушыға сыйлық беретін болса ғана, оның авторлары ақша ала алады. Жай ғана видео көретіндерге бұл үшін төлем жасалмайды.
Видеоны көргені үшін ақшалай сыйақылар берілетіні туралы алаяқтық әрекеттер бұрыннан жасалып келеді. Әдетте келесідей әрекет етеді: пайдаланушылар тіркеледі, содан кейін видеоларды көреді немесе басқа бір қарапайым әрекеттерді орындайды, содан соң олардың шотында қомақты ақша жиналғаны туралы хабарлама келіп түседі. Оны алу үшін алдымен комиссия төлеп, банк картасының мәліметтерін енгізу керек. Осылайша, алаяқтар пайдаланушылардың банктік шоттарын біліп алады.
Демек, бұл хабарламаға сенудің қажеті жоқ. Бұл интернеттегі алаяқтықтың тағы бір түрі.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button