Фейк: «ЕО Қазақстанға бірегей дәрі-дәрмек партиясын жеткізді»
Facebook-те Еуропалық одақ Қазақстанға простатитті екі күнде емдейтін бірегей дәрі-дәрмек партиясын жеткізді деген жарнама таратылуда. Препаратты алу үшін телефон нөмірін жазып, өтініш қалдыру керек екен. Бұл өтірік.
Хабарламаға ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пен ДДҰ бас директоры Тедрос Гебрейесустың фотосуреті тіркелген. Бұл сурет БАҚ-та 2022 жылғы 25 мамырда Гебрейесус ДДҰ басшысы болып екінші мерзімге қайта сайланғанда жарияланған.
ЕО-ның дәрі-дәрмекке қатысы жоқ.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, ЕО-дан Қазақстанға простатитке қарсы бірегей препараттар жеткізілмеген.
– Бұл жалған ақпарат, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Сонымен қатар хабарландыруда суреттегі және оның астындағы мәтіннің сәйкес келмейтініне назар аударған жөн. Суретте простатитке қарсы дәрі жарнамаланса, оның астында катарактаны жою бойынша операцияға жасалатын жеңілдіктер туралы жазылған.
Постқа тіркелген сілтемені басқанда, пайдаланушыға дәрі-дәрмек те, жеңілдіктер де берілмейді. Ол дербес ақпаратты иемдену үшін алаяқтар жасаған фишингтік сайтқа түседі. Осылайша, алаяқтар төлем карталарының деректеріне, онлайн-банкингтердің, ақылы аккаунттардың және т.б. логиндері мен парольдеріне қолжеткізеді.
Мұндай сайттарды тану және алаяқтардың айла-амалдарына түспеу жолдары туралы біз жазған болатынбыз.
Фишингтік сайттарды қалай тануға болады және олар неге қауіпті