Fake News

Қазақстанда Сібір жарасы шықты: бұл туралы не білеміз

Шымкентте Сібір жарасын жұқтырудың екі жағдайы тіркелді. Науқастар мал сатумен айналысады және Түркістан облысында жеке шаруашылықтары бар.
Денелеріне жара шыққан соң науқастар Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына барып көрінген. Дәрігер инфекционистер оларды тексергеннен кейін «Сібір жарасы, теріге шыққан түрі» диагнозын қойған.

– Ауру ошағында профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілді. Науқастармен қатынаста болған 21 адам 14 күн бойы медициналық бақылауға алынған, олардың арасында шағымдар айтып, ауру белгілері анықталғандар жоқ. Ауру ошағы оқшауланды, – деп хабарлады Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Айдана Асан.

Қазіргі кезде аурудың қайталанған жағдайлары тіркелген жоқ.
Науқастардың бірі жазылып, ауруханадан шығарылды. Екіншісі емделіп жатыр, дәрігерлер оның жағдайы қанағаттанарлық деп бағалауда.
Бұған дейін ауыл шаруашылығы вице-министрі Нұрбек Дайырбеков Ауыл шаруашылығы министрлігінде басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп сібір жарасы көмінділерінің картасы әзірленгенін хабарлаған болатын. Онда 2 555 мал қорымы белгіленген, оның 781 – і типтік, қалған 1 774-і қарабайыр биотермиялық шұңқырлар.

Мұндай карта аурудың өршуін тез арада оқшаулауға және оның таралуын болдырмауға көмектеседі.

Сібір жарасы – Bacillus anthracis бактериясынан туындаған аса қауіпті жұқпалы ауру. Оны жануарлар да, адамдар да жұқтыруы мүмкін. Ол тез өршіп, дендеп кетеді. Негізгі белгілері – теріге шыққан жаралар, кейбір жағдайларда тыныс алу жолдарының инфекциясы және асқазан-ішек жолдарының бұзылуы орын алады. Аурудың теріге шығатын түрін дұрыс емдеген жағдайда өлім жағдайлары сирек тіркеледі. Бірақ респираторлық инфекция болған кезде, тиісті медициналық күтімге қарамастан өлім деңгейі 90-95% құрайды.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button