Фейк: «Балалы болу экологияға зиян келтіреді»
Қазақстандықтар Instagram-да ағылшын тіліндегі мақаланың скриншотын таратуда, онда бала туу туралы шешім экологияға кері әсерін тигізеді делінген. Пост жазбасында мұндай мақалалар арқылы адамдарды ата-ана болудан толықтай бас тартуға дайындайды деп жазылған. Бұл олай емес.
Желіде суреті тараған мақала 2017 жылы шыққан. Онда сол кезде пайда болған ғылыми зерттеу туралы жазылған, оның авторлары бала туудың қоршаған ортаға әсерін зерттеген.
Зерттеушілер әрбір туған нәресте өмір бойы кез келген жануарға немесе көлікке қарағанда атмосфераға көбірек СО2 шығарады деген қорытындыға келген. Ал ата-ана болудан бас тарту әуе сапарларынан, жеке көліктен және қазіргі заманғы басқа да игіліктерден бас тартудан гөрі экологияны сақтауға көбірек үлес қосады екен.
Бұл зерттеудің нәтижелерімен бәрі бірдей келіскен жоқ. Атап айтқанда, 2017 жылғы еңбекті егжей-тегжейлі зерттеген ғалымдар тобы құрылып, олар еңбекте бірден бірнеше маңызды фактор ескерілмеген деп мәлімдеді. Мысалы, 2017 жылғы зерттеуде экологияны жақсартуға бағытталған мемлекеттер саясатындағы өзгерістер есепке алынбаған. Сондай-ақ «жасыл» технологиялардың қарқынды дамуы еленбеген, бұл да жаһандық жылыну процестерін тежеуде өте маңызды рөл атқарады.
Дамыған елдерде 2050 жылға қарай CO2 шығарындыларын нөлге дейін азайтуды көздейтін бастама бар. Яғни, 2023 жылы туған балалар CO2 тек 27 жасқа дейін ғана шығарады. Жыл сайын шығарындылар саны кеміп, өспейді.
Сонымен қатар кейбір сарапшылар планетаны құтқару үшін балалы болу мүмкіндігінен бас тарту мәселесіне тоқтала отырып, мұндай ұстаным ақылға қонымсыз деп санайды, өйткені егер бәрі босанудан бас тартса, онда планетаны кім үшін сақтайды. Оның үстіне, бала туудан өз еркімен бас тарту ауыр демографиялық дағдарысқа және халықтың күрт қартаюына әкелуі ықтимал.
Мұның бәрі балалы болу экология үшін басты қауіп емес екенін дәлелдейді. Бұл теория ескірген және толық емес зерттеуге негізделген жаңсақ пікір.