Дәлелсіз: «Вакцина салдарынан ұшқышта ұшақ кабинасында жүрек ұстамасы болған»
Желіде American Airlines ұшқышы Боб Сноу жерге қонғаннан кейін бірден ұшақ кабинасында өзін нашар сезінгені туралы ақпарат тарады. Мәтінде ұшқыштың өзі бұған COVID-19 қарсы екпе салдыруы себеп болған. Алайда бұған ешқандай дәлел жоқ.
Ең алдымен, әуе кемесінің кабинасында болған жұрек ұстамасы туралы хабарламалар ірі бұқаралық ақпарат құралдарында шықпағанына назар аударғанымыз жөн. Ол негізінен блогтар мен әлеуметтік желілерде тараған.
Ұстамаға COVID-19 қарсы вакцина себеп болды деген теорияны жұмыстан шығарылу қаупінен екпе салдыруға мәжбүр болған ұшқыштың өзі Боб Сноу алға тартып отыр. Сонымен қатар, дәрігерлер мен мамандар бұл ақпаратты растаған жоқ.
Дегенмен, оның сөзі түйіспейтін жерлер бар.
Біріншіден, American Airlines компаниясы қызметкерлерді міндетті түрде вакцинациялау мерзімін белгіледі, бірақ медициналық немесе діни себептермен бас тартуға мүмкіндік берді. Алайда, кейінірек бұл мерзім ұзартылды және бүгінгі күні компанияда ресми бас тартуды ұсынбаған егілмеген қызметкерлер жұмысын жалғастыруда. Биыл қаңтар айында олар апта сайын COVID-19-ға тестілеуден өтіп, маска тағуға тиіс екендігі туралы хабарланды. Яғни, Боб Сноудың компания тарапынан жұмыстан шығарамыз деп екпе салдыруға мәжбүрлеу болғаны туралы сөздері асыра сілтеу болып табылады.
Екіншіден, Healthline медициналық журналының мәліметтері бойынша, мРНҚ вакциналарының өте сирек кездесетін жанама әсерлерінің бірі жүрек бұлшықетінің қабынуы, ол көбінесе жеңіл түрде өтеді және салдары болмайды. Алайда, бұл жағдай егілгеннен кейін дене иммундық жауап бере бастағанда болады. Боб Сноудың айтуынша, ол өткен жылдың қараша айында егілген, ал жүрек ұстамасы биыл сәуір айында, яғни алты ай өткен соң болған. Оның үстіне, Боб Сноу мРНҚ препаратын немесе аденовирус векторы немесе белсенді емес вирус сияқты басқа платформада жасалған вакцинаны алғанын нақтылаған жоқ. Демек, жүрек ұстамасы вакцинациямен байланысты болмауы мүмкін.
Айта кетейік, American Airlines ресми сайтында Боб Сноу мен оның жүрек ұстамасы туралы хабарламалар жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, вакцинацияға қарсы адамдар American Airlines ұшқыштары вакцинация салдарынан сапар барысында қайтыс болады деп бұған дейін де мәлімдеген болатын. Мұндай ақпараттарды шетелдік фактчекерлер жоққа шығарды.
Демек, ұшқышта жүрек ұстамасы вакцинация салдарынан болғанын туралы ақпарат дәлелсіз.