Фейк: «Ғалымдар 2020 жылдан бері маска тағудың қауіпті екенін жасырып келеді»
Қазақстандықтардың сөзінше, ғалымдар жақында 2020 жылы жүргізілген зерттеуді жариялаған. Онда маска тағу бактериялар мен саңырауқұлақтардың жиналуына байланысты денсаулыққа қауіпті екендігі туралы жазылған екен. Бұл рас па? Анықтайық.
Бұл зерттеу 2022 жылдың наурыз айында препринт ретінде жарияланған. Оны жапон ғалымдары 2020 жылдың соңында жүргізген. Жариялау мерзімі мен жұмыстың жүргізілген уақыттың арасындағы алшақтық шындықты адамдардан жасыруға емес, материалды тексеруге, рецензия алуға алуға және басқа да жағдайларға байланысты болуы мүмкін.
Жұмыста ғалымдар әртүрлі медициналық маскаларда пайда болатын бактериялар мен саңырауқұлақтардың түрлері мен мөлшерін зерттеген. Бұл ретте маскаларды таққан еріктілер зерттеу кезінде әдеттерін өзгертпеген – олар маскамен күнделікті өмірде қанша жүрсе, оны сонша уақыт таққан. Мәселен, зерттеуде еріктілер бір рет қолданылатын маскаларды көбінесе бір күн, ал полиуретан маскаларды 1-3 күн таққан.
Сонымен қатар, зерттеуге қатысушылардың көпшілігі қоғамдық көлікті пайдаланған, сондай-ақ жартысына жуығы күніне бір рет аузы мен тамағын сумен шайып отырған.
Нәтижесінде экспериментке қатысушылар таққан маскалардың бәрінен бактериялар мен саңырауқұлақтар табылған. Алайда, зерттеу авторлары маскамен жүру қауіпті деп мәлімдемеген. Олар тек бұл еңбек бетперде тағуға байланысты гигиеналық мәселе бар екендігін атап өткен.
Бір реттік маскамен күні бойы жүруге болмайтынын айта кеткен жөн. Мамандар оны әр 2-3 сағат сайын, ал ыстықта әр 20-30 минут сайын ауыстырып отыруға кеңес береді. Себебі маскаларда патогендердің көбею қаупі бар.
ДДСҰ ұсыныстарына сәйкес, қолыңызды мұқият жуып, антисептикпен өңдеп қана масканы киіп-шешуге болады.
Яғни, біріншіден, маскаларда бактериялар мен саңырауқұлақтар жиналатыны ешкімнен жасырылған жоқ. Екіншіден, бұған жол бермеу үшін мамандар бір рет қолданылатын маскалармен күні бойы немесе үш сағат жүрмей, оны әр 2-3 сағат сайын ауыстырып отыруды ұсынады. Үшіншіден, аталған зерттеуде бетперде тағу денсаулыққа қауіпті деп жазылмаған.
Олай болса, таралған ақпарат нақты ғылыми зерттеулерге негізделгенімен, ондағы мәліметтер бұрмаланған және оқырмандарды шатастырады.