Fake News

Фейк: «Неміс ғалымы қызылша вирусының жоқтығын дәлелдеді»

Танымал қазақстандық Telegram-чаттардың қатысушылары қызылша вирусы жоқ деп жазуда. Мұны неміс ғалымы Штефан Ланка дәлелдеген және оның дәлелдерін Германияның федералды соты ресми түрде қолдаған екен. Жағдайдың мән-жайын және оның неге қызылша вирусының ойдан шығарылғанын дәлелдемейтінін түсіндіріп өтейік.

 

Алдымен Штефан Ланканың кім екенін айтайық. Ол псевдоғылымның көрнекті қайраткері және вирус мүлдем жоқ деген теорияны ұстанады. Бұл үшін оған ғылым саласындағы екі антинаграда табысталды: GWUP-тің «Алтын тақтасы» және Swiss-Radio-ның «Алтын Фолльпфостен» марапаты. Олар оған «2020 жылғы ғылымға қарсы бос сөз» үшін берілді.
Штефан Ланканың қызылша вирусының жоқ екенін растайтын «дәлелдеріне» тоқталсақ. Ланка қызылша вирусының бар екенін дәлелдеп, оның суретін көрсетіп, диаметрін өлшеген кез келген адамға жүз мың еуро беретінін жария етті. Үндеуге ғалым Дэвид Барденс жауап қайтарды. Ол қызылша вирусының бар екендігін сөзсіз дәлелдейтін алты мақаланы ұсынды.
Алайда, Ланка уәде еткен соманы төлеуге асықпай, Барденсті шарт талаптарын бұзғаны үшін сотқа берді. Жалпы, бұл іс бойынша әртүрлі деңгейлерде бірнеше процес өтті. Кейде судьялар Барденстің, кейде Ланканың пайдасына шешім қабылдады. Айта кетейік, әр процесте судьялар шарттың талаптары бұзылған ба, жоқ па деген мәселені ғана қарастырды. Сот залдарында қызылша вирусының бар-жоғы мәселесі көтерілген жоқ. 
Соңғы шешім 2017 жылы федералды сотта шығарылды. Судья Ланканы қолдап, Барденс мәміле шарттарын бұзды деп шешті. Қаулыда Штефан Ланка вирустың бар екендігіне дәлелдер тапқаны үшін сыйақы белгілеуге ниет білдіріп, осы дәлелдемелерді табу ережелерін өзі ойлап тапқандықтан, олардың орындалғанын немесе сақталмағанын да өзі шешуге құқылы екендігі айтылған.
Сот қаулысында қызылша вирусының жоқ екендігі туралы ештеңе жазылмаған, өйткені ол сот процесінде даулы мәселе болмаған.
Қызылша вирусының бар екені сөзсіз. Ол 1954 жылы оқшауланған, ал 1975 жылы оны вирус таксономиясы жөніндегі Халықаралық комитет Morbillivirus тобының бір түрі ретінде тіркеген.
Микроскоппен түсірілген патогеннің суреттерін АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының Қоғамдық денсаулық сақтау суреттер кітапханасының сайтынан көре аласыздар.
Қызылша вирусы мен оның геномының егжей-тегжейлі сипаттамасын ғылыми әдебиеттерден де оңай табуға болады. 
Демек, неміс ғалымы қызылша вирусының жоқтығын дәлелдеді деген ақпарат жалған.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button