Фейк: «Егер көміртегі ізі тым үлкен болса, адамдарға бірнәрсе сатып алуға тыйым салынады»
Қазнетте Mastercard компаниясы әрбір сатып алудан кейін көміртегі ізін бақылап, бұл көрсеткіш шектен асып кетсе, шотты бұғаттай алаын жаңа кредит картасын шығарғаны туралы жаңалық тарады. Хабарламаға тіркелген видеода бұл бастаманың уақытша ерікті екендігі айтылған, бірақ жақын арада мұндай карталар бәрінде болуы тиіс. Неге олай емес екенін түсіндірейік.
Видеода айтылып отырған карталар DO Black деп аталады және олардың шығарылатыны туралы 2019 жылдың сәуірінде хабарланды. MasterCard компаниясы Doconomy швед компаниясымен бірлесе отырып, ерекше несие карталарын шығаруды қолға алды.
Картаны шығару идеясы – пайдаланушылар смартфонға арнайы қосымшаны жүктеп, сатып алатын өнімнің қандай көміртегі ізін қалдыратынын бақылай алады. Барлық сатып алулардың көміртегі ізінің жалпы көлемі белгілі бір елде бір адам қалдырған көміртегі ізінің жартысына жеткенде, карта бұғатталады және онымен төлем жасау мүмкін болмайды.
Интернетте Do Black карталары туралы соңғы жаңалықтар 2020 жылы шыққан. Сондай-ақ, Интернетте мұндай картаны қалай және қайдан алуға болатындығы туралы ақпарат жоқ. Doconony компаниясының ресми сайтында көміртегі ізін бақылау картасы туралы жаңалықтар 2019-2020 жылдары да жарияланды. Осыдан кейін сайтта тек CO2 шығарындыларын бақылайтын, бірақ қаржылық шоттарды бұғаттамайтын бағдарлама туралы ғана жазылған.
Қорыта айтқанда, экологиялық емес сатып алуларға тыйым салатын карталарды жасау идеясы жаңа емес. Бұл туралы үш жыл бұрын, 2019 жылы айтылған, содан бері мұндай карталар барлығында болуы тиіс деп міндеттелген жоқ. Болашақта барлық адамдар осындай карталармен төлем жасауға мәжбүр болады деп айтуға негіз жоқ.