Fake News

Құс тұмауы – қазақстандықтар не білуі керек

Қазнет жоғары патогенді құс тұмауына қарсы екпе жасау науқанының басталғаны туралы жаңалыққа қуанған жоқ. Кейбіреулер вакцина құстарға емес, адамдарға жасалады деп шешті. Ал пабликтердің бірінде екпе туралы жаңалықтың астында жазылған пікірлердің ішінен «егер тұмауға қарсы екпе жасалған құсты жесе, коронавирустың екінші толқынына төтеп беру мүмкін емес» деп ойлайтын адамдардың барын көруге болады. StopFake.kz редакциясы Құс тұмауы туралы барлық ресми ақпаратты бір материалға жинақтады.

«Құс тұмауы» дегеніміз не

Wikipedia-дағы ақпаратқа сәйкес, құс тұмауы (лат. Grippus avium) – бұл құстардың классикалық обасы, өткір жұқпалы вирустық ауру, ол ас қорыту, тыныс алу органдарын зақымдайды, шамамен 56% өліммен аяқталады. Алғаш рет оған 1878 жылы италиялық ветеринар Эдуардо Перрончито назар аударған. 1901 жылы ғалымдар қоздырғыштың табиғаты вирустық екенін анықтайды. Тек жарты ғасырдан кейін ғана 1955 жылы «құс обасы» – тұмау вирусы екендігі ресми түрде дәлелденеді. Ал 1971 жылы бұл ауру «құс тұмауы» деп аталады.

Құс тұмауы қалай және кімге жұғады

Құс тұмауы вирусы басқа жануарларға көбінесе қоныс аударатын құстар – негізінен суда жүзетін үйректер арқылы жұғады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) хабарлауынша, адам ауруды құсты ұстаған жағдайда немесе ластанған қоршаған ортада жұқтыруы мүмкін. Алайда, вирус адамнан адамға жұқпайды.

 

Үй құстарындағы ауру белгілері және ағымы

Ауруды жұқтырған кезден оның дамуына дейін, әдетте, 20 сағаттан 2 күнге дейін өтеді. Құстар күрт жұмыртқаламай қояды, әлсірейді, шөлдеп, аш болады. Қауырсындары үрпиіп, дене температурасы 44 градусқа дейін көтеріледі. Кейде диарея, сіңір тартылу жағдайлары орын алады.

Адамдардағы ауру белгілері

Құс тұмауын жұқтырған адамдарда ауру штаммға байланысты әртүрлі болады. Жоғарғы тыныс алу жолдарының жеңіл инфекциясы (дене температурасының көтерілуі және жөтел) мен аз уақыттың шінде пневмония асқынуы мүмкін. Жүрек айну, құсу және диарея сияқты асқазан-ішек жолдары ауруларының белгілері көбінесе A(H5N1) вирусын жұқтырған пациенттерде тіркеледі. А(H7) вирусынан туындаған тұмаумен ауыратын науқастарда конъюнктивит болуы мүмкін. Аурудың негізгі белгілері – респираторлық.

Әлемде «құс тұмауынан» қанша адам көз жұмды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, 2003 жылдың ақпанынан 2008 жылдың ақпанына дейінгі аралықта құс тұмауы вирусы расталған 361 адамның 227 қайтыс болған.
Құс тұмауынан соңғы өлім жағдайы 2014 жылы Канадада тіркелді.

Үй құстарына неге екпе жасау керек

Үй құстарын вакциналау аурудың алдын алу үшін жүргізіледі және бұл тауық өсіру барысында құстар мен адамдар үшін қауіпті аурулардың таралуын болдырмауға септігін тигізеді.

Қазақстандағы «Құс тұмауына қатысты жағдай»

Қазіргі кезде құстардың өлімі Қазақстанның 5 облысында 47 елді мекенде, 26 ауданда тіркелген. Республикалық қордан вирусқа қарсы отандық препараттардың 873 мың дозасы бөлінді.
ОКҚ өткен брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева атап өткендей, құстардың өлімі жабайы құстардың қоныс аударуына байланысты орын алған.

«Эпизоотиялық зерттеу көрсеткендей, бұл жағдай қазіргі кезде солтүстіктен оңтүстікке қоныс аударатын жабайы құстардың өлімінен басталды. Ауру бір су қоймасын пайдалану арқылы таралған. Зертханалық зерттеулер жүргізіліп, жоғары патогенді құс тұмауы диагнозы қойылғаннан кейін барлық қажетті шаралар қабылданды», – деді Г. Исаева.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің өкілі Тимур Сұлтанғазиев эпидемиологиялық жағдайдың бақылауға алынғанын атап өтті. Ауру жұқтырған құстармен тікелей байланыста болған кәсіпорындардың 400-ге жуық қызметкері карантинге алынды.

«Вирус адамнан адамға жұқпайды. Адамдар ауруды тікелей құстардан жұқтырған жағдайлар өте сирек кездеседі, бұл ауру жұқтырған тірі немесе өлі құстармен тікелей немесе жанама байланыста болғаннан кейін орын алуы мүмкін. Ауруды құс өнімдерінен, ет немесе жұмыртқадан жұқтыру деректері тіркелмеген. Бүгінгі күні адамдар арасында құс тұмауын жұқтыру жағдайлары жоқ деуге болады», – деді Тимур Сұлтанғазиев ОКҚ-да өткен баспасөз концеренциясында.

Құс етін жеуге бола ма

ДДСҰ мәліметтері бойынша, құс тұмауы таралған елдерде кейбір сақтық шараларын сақтау қажет. Атап айтқанда, тағамды вирусты жоятын жоғары температурада (тағамның барлық бөліктерін 70°C) пісіру ұсынылады. Тұтынушылар құс етінің барлық бөліктері термиялық өңдеуден өткеніне және оның «қызғылт бөліктері» жоқ екеніне сенімді болуы керек, жұмыртқаны «қатты» пісіру қажет.

Басқа жаңалықтар

Back to top button