Фейк: «Тау шыңындағы қарды талдау химиялық заттарды шашу теориясын дәлелдеді»
Қазнетте АҚШ-та Шаста тауының шыңындағы қарды талдау туралы ескі фейк тарады. Ол алюминий және басқа металдардың рұқсат етілген концентрациясының едәуір асып кеткенін көрсетті, бұл әртүрлі елдердің үкіметтерінің тапсырысы бойынша зиянды заттарды ауаға әдейі шашады деген теорияны дәлелдейді екен. Мұның бәрі өтірік.
Қазір Қазнетте тараған талдау нәтижелері АҚШ-та 2009 жылы алғаш рет жарияланған кезде көп шу шыққан. Зертхана қастандық теориясына сенетін және оны дәлелдеуге тырысқан адамдар тобының тапсырысымен Калифорниядағы Шаста тауының шыңындағы қар құрамын зерттеген.
Алайда, олар қар үлгілерін дұрыс алмаған, сондай-ақ талдау нәтижелерін түсіндіру кезінде таудың өзіндік бірқатар табиғи ерекшеліктері ескерілмеді.
Шаста тауы – стратожанартау, яғни шыңы лава, тефра және жанартау күлінің қатайған қабаттарынан қалыптасқан конус тәрізді жанартау. Ғалымдардың пікірінше, ол 600 мың жыл бұрын атқылау нәтижесінде пайда болған.
Содан бері Шаста жанартауы бірнеше рет атқылады, бірақ лава мен күлдің көп бөлігі таудың баурайында қатып, оның биіктігі мен көлемін арттырды.
Ғалымдар Шаста тауындағы топырақтың құрамын бірнеше рет зерттеп, ондағы лава мен күл алюминийге, стронцийге, темірге, барийге, бромға және басқа элементтерге бай екенін анықтады.
Таудың басынан талдауға қажетті қар шілде айында алынды. Оны Желіде орналасқан қарды талдау нәтижелерінің түпнұсқа нысанымен танысып, көруге болады. Шілде – Калифорниядағы ең ыстық айлардың бірі. Бұл уақытта қар жамылғысының көп бөлігі ериді, топырақпен араласады және ластанады. Журналист әрі фактчекинг кітабының авторы Мик Уэст жаз айларындағы Шаста тауының басындағы қардың суреттерін жариялаған. Сондай-ақ ол қар үлгілері алынғанға дейін Шаста тауының жанында орман өрті болғанын, Калифорнияда қатты жел соғып тұрғанын айтқан, ал бұл қардың Шастаның айналасындағы басқа таулардың жыныстарының бөлшектерімен, күлмен және шаңмен ластануына ықпал етуі ммүмкін екенін атап өтті.
Яғни, Шаста тауының шыңындағы қар үлгілерінде алюминий және басқа да металдардың болуы, талдау алынған уақытты ескерсек, бұл түсінікті және күтілген жайт. Біріншіден, жазда қар мөлшері азаяды, ал қалғаны жанартау жынысымен араласады. Екіншіден, сынамалар алынғанға дейін орман өрттері, күннің ыстық боулы және қатты желдің болуы тау басындағы қардың ластануына әсер етуі ықтимал.
Демек, ұсынылған талдау нәтижелері металл бөлшектерін біреулер ұшақтардан әдейі шашқан деген теорияны дәлелдемейді. Бұл конспирологиялық теория және ешқандай дәлелі жоқ.
Алайда, теорияны зертханалық зерттеулер арқылы «дәлелдеу» әрекеті бұған дейін да жасалған. Біз белсенді тұлғаның жаңбыр суынан металл мен басқа заттардың бөлшектерін тапқаны туралы жазған болатынбыз. Кейіннен оның сынамаларды жаңбыр жауғаннан кейін ашық аспан астындағы джакузиден алғаны анықталды. Мамандардың пікірінше, металл бөлшектері аспаннан химмиялық заттаршашқандықтан еес, ванна-джакузиден, топырақтан және басқа жерлердн түскен.