Негізсіз: «Жапон мамандарында өзге ғаламшарлықтардың бар екеніне дәлелдер бар»
Telegram мессенджерінде қазақстандықтар Фукусимадағы белгісіз ұшатын нысанды зерттеу зертханасының мамандарында өзге ғаламшарлықтардың бар екеніне 452 дәлел бар деп жазады. Бұл ақпаратты талдап, белгісіз ұшатын нысан міндетті түрде келімсектердің кемесі болуы тиіс емес екенін түсіндіріп өтейік.
Фукусимада 2021 жылы белгісіз ұшатын нысанды зерттеу бойынша құрылған халықаралық зертхана бар. Оның негізін қалаушы – Mu айлық Оккультизм журналының бас редакторы Такехару Миками.
Оның БҰН зерттеу жөніндегі зертханасы адамдар жіберетін әртүрлі белгісіз ұшатын нысандардың суреттерін талдаумен айналысады. Талдау мәліметтері бойынша, жіберілген 452 фотосурет пен видеоның, 125 суреті мен 24 видеосында компьютерлік өңдеу белгілері жоқ. Желі қолданушылары нақ осы суреттерді өзге ғаламшарлықтардың бар екенінің дәлелі деп атаған.
Шын мәнінде, белгісіз ұшатын нысандар міндетті түрде ұшатын табақтар немесе бортында жасыл адамдар бар кемелер болуы тиіс емес. Белгісіз ұшатын нысандар – бұл фото немесе видеодан анықтау мүмкін емес әуедегі кез келген зат. Яғни, аспанда қалықтаған гелиймен толтырылған шар, алыс қашықтықтан түсірілген суретте ол да біртүрлі және жұмбақ болып көрінуі мүмкін, яғни, оны да БҰН деп ойлап қалуға болады.
Белгісіз ұшатын нысан деп жіберілген суреттерде құстар немесе қытайлық шамдар бейнеленген жағдайлар да сирек емес.
Демек, аспандағы белгісіз заттардың суреттері өзге ғаламшарлықтардың кемелерінің суреттері деп сеніммен айту негізсіз және қисынсыз. Суреттерде «НЛО» болып көрінуі мүмкін басқа да қарапайым заттар көп.
Яғни, Фукусимада орналасқан зертханадағы суреттер өзге ғаламшарлықтардың бар екенінің дәлелі емес.