Fake News

Фейк: «Таблеткаларға графен оксидін қосады»

Қазнетте магнитке тартылған флуклоксациллин дәрісінің капсуласы көрсетілген видеоролик тарады. Оны бір стакан сумен  араластырғаннан  кейін  тұнба түседі, ол да магнитке тартылады. Ролик авторының пікірінше, бұл 5G толқындарымен әрекеттесетін графен оксиді. Бұл өтірік.

Флуклоксациллин – бұл әдетте бронхит, пневмония, зәр шығару жолдарының инфекциясы, тері, асқазан-ішек жолдары және жара инфекцияларымен ауыратындарға тағайындалатын антибиотик. Препараттың белсенді заты 500 мг мөлшерінде флуклоксациллин болып табылады. Көмекші заттар тізіміне магний стеараты, натрий крахмалы гликолаты, қызыл темір оксиді, сары темір оксиді, қара темір оксиді, титан оксиді және желатин кіреді. Бұлардың ешқайсысының магниттік қасиеті жоқ.

Теорияда магнитке тартылатын және препараттың құрамына кіретін жалғыз зат – темір оксиді. Оны капсула қабығы үшін бояғыш ретінде қолданады. Мұндай қоспа E172 нөмірімен белгіленеді және әлемнің көптеген елдерінде рұқсат етілген. Оның көмегімен өндірушілер қызыл, сары, қара немесе қызғылт сары түстер алады. Көбінесе пісіруге, паштетке, мал азығына, кәмпиттерге және жасанды балық уылдырығына арналған қоспаларды өндіруде қолданылады.

Адам үшін күніне бір килограмм салмаққа 0,5 мг темір оксидін тұтыну қауіпсіз. Яғни, салмағы 50 кг адам үшін темір оксидінің күнделікті қауіпсіз мөлшері 25 мг құрайды. 

Айта кетейік, темір шектеулі мөлшерде ағзаға пайдалы, өйткені ол қандағы гемоглобин деңгейін бақылауға көмектеседі. 

Алайда, темір оксидінің болуынан дәрі-дәрмек капсуласы магнитке тартылады немесе стакандағы тұнба темір оксиді деп сеніммен айта алмаймыз.

Видеоны түсірмес бұрын роликтің авторы капсуланы ашпағанына және оған магниттік қасиеттері бар заттарды қоспағанына көз жеткізу мүмкін емес. Мысалы, темір ұнтағын қарапайым дүкендерден сатып алуға болады. 

Сонымен қатар, біз бұған дейін авторлар дәрілік капсулаларға бөгде заттарды өздері қосқан видеоларды жоққа шығарған  болатынбыз.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, видеода көрсетілген дәрі-дәрмектегі 5G толқындарымен әрекеттесетін графен оксиді емес және болуы мүмкін емес деген қорытынды жасауға болады. Видеода капсуланың магнитке тартылуын екі жолмен түсіндіруге болады: бұл не капсула үшін бояғыш ретінде қолданылатын темір оксидінің магниттік қасиеттерінің көрінісі немесе роликтің авторы дәріге темір ұнтағын әдейі қосқан.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button