Конспирология: «Айға ешкім қонған жоқ – бұл компьютерлік графика»
Telegram мессенджерінде кеңейтілген шынайылық пен басқа да заманауи технологиялардың көмегімен айға қонуды сенімді етіп көрсетуге болатындығы туралы видео таратылуда. Кейбір пайдаланушылардың пікірінше, бұл Жер серігін адам аяғының ешқашан баспағанының дәлелі, ал «Аполлон – 11» миссиясы кезінде түсірілген фотосуреттер мен видеолар қойылым болып табылады.
Шындығында, Желіде табылған видео Айға қонудың жалған екендігін дәлелдемейді. Таратылған кадрларда – нақты уақыт режимінде RTX сәулелерін бақылауды қолданатын NVIDIA компаниясының графикалық процессорының презентациясы. Бұл ретте Айға қону тақырыбы кездейсоқ таңдалмаған: процессордың 2019 жылы өткен тұсаукесері 1969 жылы болған «Аполлон – 11» миссиясының 50 жылдығымен тұспа-тұс келді.
50 жыл бұрын америкалық астронавттар Айға қонған кезде нақты уақыт режимінде RTX сәулелерін бақылау технологиясы да, мұндай процессорлар да болған жоқ. Демек, оны бүкіл адамзатты алдап, Айға қонудың имитациясын көрсету үшін қолдану мүмкін емес.
Хабарлама авторы сияқты, мұндай процессорлардың көмегімен олар Марсқа қонуды да көрсетеді деп айтуға болмайды. Миссия зерттеу сипатында болатындықтан және оны симуляциялау арқылы адамдар қалаған білім мен дағдыларды ала алмайтындықтан мұндай симуляция мағынасыз болар еді.
Айға қону барысы Голливудтағы студиялардың бірінде түсірілгені туралы қастандық теориясы 53 жылдан бері бар. «Аполлон – 11» ұшырғалы осыншама уақыт өтті.
Бұл ретте теорияны жақтаушылар жыл сайын айтатын басты дәлел «Бұл мүмкін емес» деген тұжырым. Олардың пікірінше, ғарышкерлер Жердің радиациялық өрісін еңсергенде тірідей күйіп кеткен. Шын мәнінде, ғалымдар бұл күрделі мәлімдемеге бірден жауап берді. Мәселе мынада, ғарыш аппараттары радиацияның жоғары дозаларын алмай, радиациялық өрісті тез еңсереді. Тиісінше, ғарышкерлер тірідей «жанып кетпейді» және сол жерде радиациялық аурудан көз жұмбайды. АҚШ Ұлттық ғарыш орталығының өкілі профессор Ану Оджа бұл радиациялық өрістен өтуді отпен жүруге теңейді. Өрт кіндігінде тұрмай, одан тез өтіп кетсе, тілсіз жау киімге немесе адамның денесіне тимейді.
Адамның Айға шынымен қонғанына басқа да нақты дәлелдер көп. Олардың ішінде – ғарыш аппараттарының Айда қалдырылған бөліктері және зерттеу үшін сол жерден әкелінген топырақ үлгілері. Бұл туралы толығырақ мына жерден оқуға болады.