Жаңалықтар

Фейк: «Құпия қызыл сынапты қолдану жағдайы видеоға түсіп қалған»

Қазнет қолданушылары қызыл сынап деп аталатын аса құпия затты қолдану жағдайы түсірілген бейнероликпен бөлісуде. Субстанция нацистік Германияда болған үшінші Рейхтің символикасы бар металл цилиндрге салынған. Видео авторы цилиндрге металл заттарды жақындатқан кезде, олар бірден жыпылықтайды. Видеода қызыл сынаптың энергиясы өте зор, сондықтан мұндай заттың болу фактісі адамдардан жасырылады деп жазылған. Бұл теорияны талдап, оған неге сенуге болмайтынын түсіндірейік.

Қызыл сынаптан бастайық. Оның бар болуы – аңыз, оған сену философиялық тастың немесе жалғыз мүйіздің бар екендігі туралы мифке сенумен бірдей. Қызыл сынап туралы екі негізгі аңыз бар екенін атап өткен жөн: біріншісінде бұл зат ежелден бар және оны мысырлық перғауындар өмірдің баға жетпес эликсирі ретінде қолданған делінген. 
Тағы бір аңыз бойынша, қызыл сынап – бұл қырғи-қабақ соғыс кезінде жетекші ғалымдар жасырын түрде әзірлеген химиялық зат. Оның көмегімен аса қуатты ядролық оқтұмсықтармен салыстыруға болатын керемет қуатты бомбалар жасауға болады.
Алайда, екі нұсқаның да негізі жоқ. Шын мәнінде дүниеде бар жалғыз «қызыл» сынап – бұл сынап пен қызыл бояу алынатын шикізат – киноварь. Ол жарылатындықтан немесе металды өртеп жіберетіндіктен емес, сынап буы адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін болғандықтан ғана қауіпті болып саналады. Қызыл сынап пен оның ерекше қасиеттері туралы басқа әңгімелердің барлығы миф. 
Дегенмен, бұл аңызды алаяқтар сәтті қолданады. Мысалы, 2015 жылы The Hindu басылымы «қызыл сынап» деп белгісіз затты сатқан алаяқтар тобының ұсталғандығы туралы жаңалықты жариялады. Оған сәйкес, заттар Шри-Ланкадан жеткізілген.
Бір қызығы, бүгінде YouTube платформасында қызыл сынапты жарнамалайтын видеолар бар. Онда субстанция Қазнетте тараған роликте көрсетілгендей цилиндрлермен сатылады. Осы видеолардың авторы – «құпия» затты сату жөніндегі алаяқтық бизнес дамыған Шри-Ланкалық блогер.
Цилиндрдің өзіне келетін болсақ, біріншіден, оның нацистік Германияда шығарылғандығына ешқандай дәлел жоқ. Қазіргі кезде кез-келген жазулар мен таңбаларды тапсырыс беріп, жаздыртуға болады. Екіншіден, үшінші Рейхтің кезінде шығарылған контейнерде неміс тіліндегі жазулардың болмауы күмән тудырады. Цилиндрдегі барлық ақпарат ағылшын тілінде ұсынылған, бұл сол жылдардағы Германияға тән емес жайт. 
Сондай-ақ қызыл сынаптың металды өртеп жіберетіні көрсетілген видеода автор алдымен темір заттарды салған жерлерді саусағымен ұстап көреді, бірақ оған ештеңе ештеңе болмайды. Яғни, «сынап» белгісіз себептермен автордың қолына әсер етпейді, ал металлды бірден өртеп жібереді. Бұл видеоның монтаждалғанының немесе металдың өртенуінің нақты себебі кадрда болмайтындай етіп әдейі түсірілгендігінің белгісі. Мысалы, біз роликте көрген жұқа металл, цилиндрге ток қосылған жағдайда ғана жанып, балқып кетуі мүмкін.

Қорыта айтқанда, таратылған видео – фейк, ал қызыл сынаптың болуы – миф, оны адамдарға сатудың барлық әрекеттері – алаяқтық.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button