Фейк: «Гейтс мәжбүрлеп вакцинациялау арқылы халық санын қысқартуға шақырғанын жасыруға тырысады»
Қазнетте 2011 жылғы ағылшын тіліндегі газеттің суреті таратылды. Бірінші бетте Билл Гейтстің суреті мен «Мәжбүрлі вакцинация арқылы депопуляция» тақырыбы шыққан. Суреттің астында миллиардер шынымен осындай мәлімдеме жасаған, бірақ қазір бұл мақала жойылды және оны табу мүмкін емес деп жазылған. Бұл өтірік.
Біріншіден, суретте көрсетілген The Sovereign Independent газеті өте сенімсіз ақпарат көзі болып табылады. Ол 2009 жылдан 2014 жылға дейін Шотландияда жарық көрген. Басылымның ресми сайты әлі де Желіде бар, бірақ соңғы рет 2014 жылғы 26 маусымда жаңартылған. Ашылатын жарияланымдар қастандық теорияларына, жалған ғылыми пайымдауларға және ойдан шығарылған жаңалықтарға арналған.
Екіншіден, Билл Гейтс туралы мақала өшірілді және оны табу мүмкін емес деген тұжырым жалған. Мақаланы әлі де Желіден табуға болады, өйткені ол мұрағатталған.
Үшіншіден, бұл мақаланың авторы – доктор Шерри Тенпенни – бірнеше рет негізсіз және жалған мәлімдеме жасаған вакцинацияға қарсы танымал тұлға. Сондықтан оған сенудің қажеті жоқ.
Төртіншіден, мәтінде Гейтстің депопуляция немесе мәжбүрлі вакцинация туралы дәйексөздері келтірілмеген. Миллиардердің бір ғана сөзі контекстен тыс алынып, келесідей ұсынылғані: «Қарап көрейік. Бірінші көбейткіш – халық. Бүгінде әлемде 6,8 миллиард адам бар, бұл көрсеткіш шамамен 9 миллиардқа дейін өседі. Жаңа вакциналарды жасауда, денсаулық сақтауда, репродуктивті денсаулықты қорғауда үлкен жетістіктерге қол жеткізген жағдайда өсім 10-15 пайызға төмендеуі мүмкін, десе де өсім шамамен 1,3 миллиардты құрайды». Билл Гейтс бұл туралы 2010 жылы TED конференциясында айтқан. Бұл сөзін де Желіден табуға болады.
Онда филантроптың адамдарды өлтіру туралы емес, денсаулық сақтау жүйесі нашар дамыған елдерде тұратын адамдар вакциналарға еркін қол жеткізе отырып, сау болып, нәрестелер мен балалар өлімі азаятыны жайлы айтады.
Демек, адамдарда көп бала туу қажеті болмайды. Билл Гейтс аса қауіпті вакциналарды қолдана отырып, Жер халқының көп бөлігін өлтірмек деген теориялар – фейк және конспирология. Бұған дейін оны AFP, AAP және басқа да порталдардың фактчекерлері бірнеше рет жоққа шығарған болатын.