Фейк: «Ұшқыштар ұшақтан химикаттар шашылғанын растады»
Қазнетте тараған екі бейнероликте ұшқыштар ұшақтардың шынымен елді мекендерде химикаттар шашқанын айтып, химтрейлдер туралы теорияны растады. Оларға сенудің қажеті жоқ. Неге екенін түсіндіріп өтейік.
Алдымен, ауаға улы химикаттар шашу теориясы немесе химтрейлдер теориясы ондаған жылдар бойы айтылып келе жатқанын атап өткеніміз жөн. Бірақ әлі күнге дейін ешқандай дәлел жоқ. Теорияны жақтаушылар тапқан «дәлелдердің» бәрі – манипуляция, фейк немесе дәлелсіз мәлімдемелер.
Бүгінде тарап отырған бейнероликтердің сапасы өте төмен, сондықтан сөз сөйлеп тұрғандарды тану немесе экранның төменгі сол жақ бұрышында жазылған олардың есімдерін оқу мүмкін емес. Демек, олардың шынымен ұшқыш екенін растау мүмкін емес.
Роликтердің бірінде сөз сөйлеп тұрған адам суық күні биіктіктен «химтрейлді» байқағанын айтады. Оның ойынша, мұндай жағдайда конденсациялық іздің пайда болуы екіталай, демек, ұшақ артынан қалған ақ шлейф – химикаттар шашудың белгісі. Шын мәнінде, төмен ауа температурасы мен биіктік – бұл конденсациялық іздің қалыптасуына қолайлы жағдай. Ұшақ отынының жану өнімдерінің бірі – су. Ауа температурасы төмен болатын биіктікте су тамшылары бірден мұз кристалдарына айналады. Дәл осы кристалдар конденсациялық із қалдырады, ол мұндай жағдайларда ұзақ уақытқа сақталып, өте баяу таралады.
Екінші видеодағы адам ұшақтар барий, алюминий және адамдар мен жануарларға қауіпті басқа да заттарды шашатынын айтады. Алайда, бұған ешқандай дәлел келтірмейді. Демек, оның тұжырымдары негізсіз және оларға сенуге болмайды.
Бұған дейін біз қазақстандықтар химтрейлдер деп ойлап қалған ерекше пішінді бұлттар мен ұшақтардың конденсациялық іздері туралы жазған болатынбыз.