Фейк: «1950 жылдардағы бейне COVID-19 пандемиясын болжады»
Қазнет қолданушылары 1956 жылы түсірілген бейнероликпен бөлісуде. Онда болашақ туралы ой қозғалып, пандемияның болатыны айтылады. Диктор 2020 жылға қарай Азияда планетада тез таралатын жаңа қауіпті вирус шығады деп мәлімдейді. Бұл жалған «сәуегейлік».
Үйдегі роботтар, бөлке наннан да кішкентай «оймен бөлісуге» арналған құрылғылар мен әуе сапарының қол жетімділігі туралы әңгімелейтін ақ-қара видео былтыр кеңінен тараған. Роликтегі дауыс COVID-19 пандемиясын өте дәл сипаттайды және оны еңсерудің жолдарымен бөлісуге уәде береді. Алайда, демеушінің жарнамасынан кейін видео үзіліп кетеді.
Шын мәнінде, бұл видеоны өткен жылдың ақпан айында RamsesThePigeon лақап атымен белгілі YouTube қолданушысы Макс Патрик Шлингер монтаждап, дыбыстап, жариялаған.
Видео сипаттамасында автордың барлық кадрларды 1950 жылдардағы ескі фильмдер мен жарнамалардан алғаны айтылады.
Сондай-ақ, ол кейіннен фактчекерлерге видеоны тек көңіл көтеру үшін ғана жасағанын мәлімдеп, пандемияның болатынын болжаған кадр сыртындағы дауысты өзі қосқанын, ал ескі фильмдердің үзінділерін онлайн мұрағаттан алғанын растайды.
Мұндай кадрларды Желіден оңай табуға болатыны рас. Мысалы, робот көрсетілген эпизод 1940 жылғы Leave It to Roll-Oh фильмінен, ал шай ішіп отырған әйел «Торнадо» кинолентасынан алынған.
DoeSkin майлықтарын шығаратын «демеушінің» жарнамасы шын, бірақ оның болашақ туралы болжамдарға қатысы жоқ. Видео авторы оны өз қалауымен қосқан.
Қорыта айтқанда, 1956 жылғы видеода пандемия болжанбаған. Ролик – бұл мұрағат кадрлар жиынтығы, ал кадр сыртындағы дауысты автор 2020 жылдың ақпан айында, COVID-19 ауруы адамзатқа мәлім болған кезде жазған.