Fake News

Фейк: «COVID-19 қарсы вакциналар балалардың жүрегіне зақым келтіреді»

Telegram-да COVID-19 қарсы вакциналар балалардың жүрегіне ауыр зақым келтіреді деген ақпарат шықты. Пайдаланушылар оны кеңінен таратып, ата-аналарға балаларды вакцинациялау қауіпті екенін ескертуге шақырады. Мұның бәрі өтірік.


COVID-19-ға қарсы вакциналар жүрек ауруына әкеледі деген мәлімдеменің авторы – Питер МакКаллоу есімді АҚШ кардиологы. Ол бұған дейін вакциналар, COVID-19 пандемиясы және SARS-CoV-2 вирусы туралы жалған ақпарат таратқан.
Оның вакциналар балалардың жүрегіне зақым келтіреді деген тұжырымына АҚШ-тың төрт ғалымы жүргізген зерттеудің препринті негіз болды. Онда 12-17 жастағы жасөспірімдер арасында вакцинамен байланысты миокардит туралы айтылады. Бұл зерттеу рецензияланбаған және клиникалық нұсқаулық ретінде қолданыла алмайды.
Ғалымдар мен дәрігерлер бұл зерттеуді бірден бірнеше тармақ бойынша сынға алды. Олардың біріншісі және бастысы – еңбек авторлары дәрі-дәрмекке жағымсыз реакцияларды бақылау үшін VAERS жүйесіндегі деректерді алған. Сонымен қатар, зерттеушілер бұл деректерді бағаламаған және тексермеген, сондықтан олардың дұрыс екендігіне сену қиын. VAERS платформасында жазылғандай, «VAERS-тегі есеп сәйкестендірілген вакцина(лар) сипатталған жағымсыз құбылысты тудырғанын дәлелдемейді. Ол тіркелген оқиға вакцина салдырғаннан кейін біраз уақыт өткен соң болғанын растайды. VAERS есепті қабылдауы үшін оқиғаның вакцинадан туындағанына ешқандай дәлел қажет емес. VAERS оқиғаның вакцинадан туындағанын бағаламай, барлық есептерді қабылдайды». Сондай-ақ, сайтта жағымсыз әсерлерді сезінген адамдардың өздері, олардың туыстары, медициналық өкілдері және басқалары жүйеге есептер жібере алатыны айтылған. Осыған байланысты есептегі ақпарат толық емес, бұрмаланған немесе қате болуы мүмкін.
Сонымен қатар, ғылыми қауымдастық зерттеуде «вакцинадан туындаған» деп жазылған миокардиттің бірнеше жағдайлары іс жүзінде COVID-19-бен ауырған адамдарда болатынына назар аударды. Бұл ретте ауру кейбір жағдайларда миокардит тудыруы мүмкін екені белгілі. 
Зерттеу авторларының жасөспірімдердің мүлдем басқа топтарын салыстыруға деген көзқарасы да наразылық тудырды. Мысалы, еңбекте АҚШ-тағы 12-17 жастағы барлық жасөспірімдер арасында ауруханаға жатқызу деңгейі және осы жас санатындағы вакцинацияланған жасөспірімдер арасында тіркелген миокардит жағдайлары салыстырылған. Бұл салыстыру дұрыс емес және оның нәтижелерін қандай да болмасын болжамды растау немесе жоққа шығару ретінде қолдануға бомлайды.
Мұнымен қоса, жасөспірімдерге арналған вакциналардың қауіпсіздігі бойынша зерттеулер жүргізген және COVID-19-ға қарсы иммундаудың қауіптілігі мен пайдасының арақатынасын зерттеген ғалымдардың басым бөлігі вакциналар қауіпсіз және өлімге әкелетін аурулардың дамуына әкелмейді деген ортақ пікірге келді.
АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметтері жасөспірімдер үшін COVID-19 жұқтыру салдарынан қайтыс болу немесе асқыну қаупі вакцинациядан кейінгі жағымсыз реакциялардың даму қаупінен әлдеқайда жоғары екенін дәлелдейді. 
Сонымен қатар, PolitiFact порталы Чикагодағы Лурье балалар ауруханасының педиатрия бөлімінің кардиология бөлімінің басшысы Стюарт Бергердің сөздерін келтіреді. Ол вакцинациядан кейін балалар арасында миокардит симптомдарының дамуы өте сирек кездесетінін айтқан.
«Мұндай белгілер балаларда, әдетте, 24-48 сағаттың ішінде, өте қысқа уақытта басылады және жағдайлары жақсарып ауруханадан шығарылады», – деді ол. 
Демек, Питер МакКаллоудың мәлімдемесі күмәнді және рецензияланбаған зерттеуге және нақты ғылыми дәлелденген фактілерге ешқандай қатысы жоқ өзінің ойдан шығарылған тұжырымдарына негізделген.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button