Fake News

Фейк: «Англияның денсаулық сақтау басқармасы COVID-19 вакцинасының екінші дозасынан кейін адамдардың қайтыс болатынын мойындады»

Қазнет қолданушылары «Англияның денсаулық сақтау басқармасы» вакцинаның екінші дозасын алғаннан кейін адамның өлетінін мойындады. Бұл туралы ведомствоның ресми сайтында жарияланған құжатта айтылған екен. Бұл фейк.


Біріншіден, «Англияның Денсаулық сақтау басқармасы» деп аталатын ведомство жоқ. Ұлыбританияда денсаулық сақтау мәселелерімен NHS (National Health Service) – ұлттық денсаулық сақтау қызметі айналысады.
Хабарламада талқыға салынған құжат осы қызметтің сайтында емес, Ұлыбритания үкіметінің ресми порталында жарияланған. Оның дайындағандар – пандемиялық тұмауды (SPI-M) модельдеу жөніндегі ғылыми топ. Файлдың өзінде карантиндік шараларды жеңілдеткен жағдайда, COVID-19 пандемиясының дамуының әртүрлі сценарийлері сипатталған. Сондай-ақ, онда келтірілген есептеулер болжам емес, пандемияның нақты дамуы көбінесе түсініксіз болып қалады делінген.
Есептеулер толық вакцинацияланған адамдардың COVID-19 жұқтыруы мүмкін екендігіне негізделген. Ауруханаға жатқызу және ӨЖЖ аппараттарына қосу қажеттілігі сияқты факторлар ескеріледі. Бұл ретте мамандар Pfizer-BioNTech және AstraZeneca өндірген вакциналардың тиімділігі туралы деректерді пайдаланған. Мұнымен қоса, вакцинация қарқыны да есепке алынды. Ғалымдардың пайымдауынша, биыл күзге дейін әртүрлі елдерде көп адамдар вакцинаның екі дозасын алып үлгереді.
Зерттеу нәтижесінде мамандар жаппай вакцинацияны жалғастырған жағдайда, COVID-19 жаңа толқыны денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктелуіне әкелмейді деген қорытындыға келді. Ең қолайсыз жағдайларда індеттің жаңа толқыны пандемия өршіген 2020 жылдың көктемі мен жазында болған жағдайда ұқсас болмайтынын графиктен көруге болады. Дегенмен, 2021 жылдың күзінде өлім-жітім көрсеткіші артқан жағдайда қайтыс болғандардың бір бөлігін вакцинацияланған адамдар құрауы ықтимал, өйткені жалпы статистикада олардың саны вакцина салдырмаған адамдардың санынан асып кетуі мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда Pfizer-BioNTech және AstraZeneca өндірген препараттар пайдаланылмайды. Бүгінгі таңда елімізде COVID-19 қарсы вакциналардың үш түрі бар: «Спутник-V», QazVac және Hayat-vax.
Қорыта айтқанда, Ұлыбританияның денсаулық сақтау жүйесінің ресми өкілдері COVID-19 қарсы вакцинаның екінші дозасы өлімге әкелетінін мәлімдемеген. Аталған құжат ұлттық денсаулық сақтау қызметінің сайтында мүлдем жарияланбаған және тек гипотетикалық есептеулер мен карантиндік шаралардың жеңілдетілуін ескере отырып әзірленген пандемияның даму сценариі болып табылады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button