Ұлттық әл-ауқат қоры өнім берушілерді іріктеуге өтінімдерді қабылдауды ұзартқан жоқ
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ел экономикасының ірі секторларындағы компаниялар тобы кіретін «Самұрық-Қазына» АҚ әлеуетті жеткізушілерді іріктеу мерзімін ұзартқаны туралы ақпарат таратылып жатыр. Бұл жақында іріктеу ережелері өзгертіліп, енді бұл процесстің ашық және жедел өтетініне байланысты болуы мүмкін.
Хабарламаға сәйкес, жабық процедураға әлі де қатысуға болады, ол үшін «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС атына шағым-хат жазу керек, осыдан кейін ұлттық холдинг компаниялары үшін жеткізушілердің іріктеуінен өтуге өтініш беру мүмкіндігі туады.
Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС ресми сайтында айтылған.
Бұрынғы процедураға өтініштерді қабылдау 2020 жылғы 15 қыркүйекте аяқталды, бірақ ұлттық холдингтің сатып алу порталында әлеуетті өнім берушілер қатарына іріктеуден өтуге өтініштерді жаңа форматта қабылдау басталды. Егер құжаттарды дайындау үшін бұған дейін аудиттен өту, тәуелсіз бағалауды алу талап етіліп, бұл 1 млн теңгеге жуық шығын келтірсе, енді «Самұрық-Қазына Контракт» бас директоры Нұрлан Мұхановтың айтуынша, жеткізушінің құжаттамасы тегін дайындалады. Бұл ретте жаңа ережелер қолданысқа енгізілгенге дейін ескі процедурадан өткен өнім берушілерге бірқатар артықшылықтар беріледі.
«Самұрық-Қазына» компаниялар тобы еліміздегі ең ірі сатып алушылардың бірі болып табылады, екі жылдың ішінде ұлттық холдинг кәсіпорындары 819 млрд теңге сомаға тапсырыстар орналастырған. Қор қызметі және тауарлар мен қызметтерді сатып алу ережелері туралы барлық сенімді ақпарат «Самұрық-Қазына» АҚ және «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС ресми сайттарында жарияланған.