Fake News

Фейк: «Әлемдік элита пандемияны әр 100 жыл сайын әдейі ұйымдастырады»

Әлеуметтік желілерде әлемдік элита планета халқын азайту үшін әр 100 жыл сайын әдейі пандемия ұйымдастырады деген пікір айтылуда. Бұл теориямен бірге пандемияның катализаторы Билл Гейтстің ата-бабалары мен Рокфеллер отбасы жүргізген жаппай вакцинация болғандығы туралы бейнеролик ұсынылады. Бұл конспирология.

Біз Билл Гейтстің арғы аталарының жаппай вакцинацияларға ешқандай қатысы жоқ деп жазған болатынбыз. 
Жаппай вакцинациялардың тарихта пандемияның катализаторы болуы мүмкін емес. Біріншіден, вакциналар жақында ойлап табылды. Екіншіден, вакциналар олардың таралуына ықпал ету үшін емес, вирустар мен бактериялармен күресу үшін жасалады. 
Пандемия адамзат тарихында сирек болмайды. Олар бактериялар мен вирустардың табиғи мутациясы нәтижесінде пайда болады. Вирустар тез қозғалады, нәтижесінде олардың вируленттілігі– жануардан немесе адамнан басқа адамға өту қабілеті мен жылдамдығы, сондай-ақ өлім-жітім – осы вирус тудыруы мүмкін аурушаңдықтың ауырлығы өзгереді. Мутацияланған вирустың вируленттілігі мен өлім-жітім көрсеткіші жоғары болған кезде, ол пандемияға әкелуі мүмкін. 
Тарихта пандемия мен індеттер бірдей уақыт аралығында өршімеген. Біздің дәуіріміздегі алғашқы пандемия – Антонинова обасы, одан 165-180 жж. аралығында бес миллионға жуық адам қайтыс болды. Келесі Юстиниан обасы пандемиясы болды. Ауру салдарынан 541-542 жылдар аралығында 30-50 миллионға жуық адам көз жұмды. 735-737 жылдары Жапонияда шешек індеті миллионға жуық адамның өмірін қиды. Тарихтағы ең қорқынышты пандемиялардың бірі – 1347-1351 жылдары болған бубон обасы пандемиясы. Нәтижесінде 200 миллионға жуық адам қайтыс болды. 1520 жылы шешек ауруының әлемдегі ең ірі ошағы тіркелді. Шамамен 56 миллион адам оның құрбаны болды. Одан кейін оба, тырысқақ және сары безгектің шағын ошақтары болды. 1918 жылы әлемде 50 миллион адамның өмірін қиған испан тұмауы пандемиясы тарады. 1981 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін әлемде АҚТҚ және ЖҚТБ пандемиясы жалғасуда, олардан 25-35 миллион адам қайтыс болды.

Visualizing the History of Pandemics

Осы тарихи фактілерге сүйене отырып, ғалымдар келесі пандемияның болу мүмкіндігін болжауға тырысуда. Олардың есептеулеріне сәйкес, болашақта кез келген уақытта COVID-19-бен салыстыруға тұратын пандемияның болу ықтималдығы 2% құрайды.
Осылайша, пандемия әр жүз жыл сайын әдейі жасалады деген теориялар негізсіз және тарихи фактілерге қайшы келеді. Пандемия вакциналар мен заманауи медицина әдістері пайда болғанға дейін де тараған. Бактериялар мен вирустардың мутациясы – адамның араласуынсыз өтуі мүмкін эволюциялық және табиғи процесс.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button