Ресейлік тату шебері Евдокия Гордееваның видеосы – фейк
Интернет пен мессенджерлердің қазақстандық сегментінде өзін Евдокия Гордеева деп таныстырған әйелдің «микротолқынды бағаналар» туралы видеосы тарады. Stopfake.kz оның айтқандарына неге сенуге болмайтынын түсіндіріп өтеді.
Алдымен, бұл роликтің кейіпкері Ресейдің Сочи қаласының тұрғыны және оның Қазақстанға, жалпы алғанда, нақты жағдайға да ешқандай қатысы жоқ екенін нақтылап өтейік.
Оның айтуынша, «20-нан бастап барлығы карантинге жабылады». Естеріңізге сала кетейік, карантиндік шектеу шаралары мен оларды кезең-кезеңмен жеңілдету елімізде ресми түрде бас мемлекеттік санитарлық дәрігер А.Есмағамбетованың қаулысымен реттеледі. 15 тамыздағы құжатқа сәйкес, Қазақстанда нысандар мен кәсіпорындар жұмыстарын кезең-кезеңмен қайта жаңғыртуда. Қаулының толық мәтінімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.
Ал, видеода Евдокия Гордеева бұдан әрі химтрейлдер туралы айтады. Ол ұшқан ұшақтың ізін осылай атайды. Бұл қастандық теориясының неге сенімсіз екендігін Stopfake.kz бұрын түсіндірген болатын. «Химиотрассалар теориясы» ешбір дәлелдермен бекітілмеген және олардың бар екендігі туралы ешқандай айғақтар жоқ.
Видео кейіпкері «5G бағаналары» туралы да айтып өтеді, оларды «өлім бағаналары» деп атайды. Оның пайымдауынша, бағаналардың байланысқа ешқандай қатысы жоқ, бұл – микротолқынды пештің диапазонында жұмыс істейтін сәулелендіргіштер». Одан әрі Евгения «микротолқынды бағаналардың» әсерінің нәтижесінде адамдардың «қаны ұйып қалады» дейді. Бұл жерде ол Италияда «тірідей пісіп қалған» ер адаммен болған жағдайды мысалға келтіріп өтеді.
Біз бұл жағдайды растайтын тым болмаса бірде-бір жанама дәлелдер таппадық. Жалпы, видеоролик радиофобияның тағы бір көрінісі болып табылады.
Радиофобия (грек. Φββος «қорқыныш»), сондай-ақ радиодабыл – жүйке-соматикалық психикалық және физиологиялық бұзылулар кешені, кейде иондаушы (радиация) және иондамайтын электромагниттік сәулеленудің әртүрлі көздерінен қорқатындықтан оны емдеу қиын болады. (Уикипедия)
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұрынғы басшысы Асқар Жұмағалиев үстіміздегі жылдың маусым айында 5G антенналарынан төнетін қауіпке қатысты өз пікірін білдірген болатын.
«Ұялы антенналардың адам денсаулығына әсеріне тоқталайын. Бір де бір антенна санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің рұқсатынсыз орнатылған жоқ. Әрбір базалық станцияға тиісті санитарлық паспорт беріледі. Тұрғын үйге ұялы антенна орнатылған кезде, ол арнайы талаптарға сәйкес орнатылады. Сондықтан тұрғындарға қорқудың еш қажеті жоқ. Тиісті медициналық ұйымдар бұл мәселені бақылап отыр», – деді Асқар Жұмағалиев.
«Денсаулыққа, нақтырақ айтқанда 5G жаңа технологиясымен сәулеленуге қатысты, алдымен сәулелену иондаушы және иондамайтын болып бөлінетінін білуіміз керек. Иондаушы сәуле, атап айтқанда ультракүлгін, рентген және гамма сәулелері адамға қауіп төндіреді, бірақ 5G желілерінің бұған ешқандай қатысы жоқ, өйткені олар тірі организм үшін қауіпсіз төмен жиілікті иондамайтын радиотолқындарды пайдаланады. Ұялы байланыстың жаңа буынына қатысты халықаралық ұйымдар бекіткен қазіргі заманғы халықаралық қауіпсіздік стандарттары қолданылады. Ғасырлар бойы адамдар әрқашан жаңашылдықтан қорқып келген. 5G технологиясының зияны туралы әңгімелер де осы қорқыныштың көрінісі», – деп есептейді Sigma Capital басқарушы серіктесі, «KCELL» АҚ тәуелсіз директоры Динара Іңкәрбекова (сарапшының пікірі сайтта жарияланған kursiv.kz).
Жоғарыда аталған видеороликке оралсақ, онда басқа да ұқсас видеолардағыдай автор өз сөздеріне бірде-бір дәлел келтірмейді. Бірде-бір ресми және құзыретті ақпарат көзіне сілтеме жасалмайды. Оның тұжырымдарының барлығын сарапшылар мен шенеуніктер жоққа шығарған.
Stopfake.kz қорытындысы: бұл видео жалған.