Fake NewsМедициналық фейктер

Қазнетте «Вакцинация салдарын» емдеудің денсаулық үшін қауіпті жолы жарнамалануда

Қазнет қолданушылары вакцинация салдарын «емдеудің» өте қауіпті кеңестері ұсынылған видео таратуда. «Ем» хаттамасының авторы – дәстүрлі емес емдеу әдістерін қолданатын және пациенттерге ұсынылатын биологиялық белсенді қоспалар шығаратын дәрігер. Оның кеңестерін ұстану қауіпті болуы мүмкін.


Ең алдымен, вакцинация салдарын «емдеудің» қажеті жоқ екеніне назар аударуымыз керек. COVID-19 қарсы вакциналар тиімді және қауіпсіз, оларды қолданудың салдары ауру қоздырғышына антиденелер қалыптастыру болып табылады. Көптеген жағдайларда препараттан болатын жағымсыз реакциялар емдеуді қажет етпейді, олар бірнеше сағаттан немесе бірнеше күннен кейін өздігінен басылады.
Вакцинация салдарын «емдеу» бойынша ұсыныстар Стю Питерса шоуының эфирінде айтылды. Бұл бағдарлама фейк ақпараттардың дереккөзі болып табылады. Мысалы, нақ осы бағдарламада Pfizer вакцинасының құрамында графен оксидінің, белгілі бір тірі микроағзалардың болуы және басқа да дәлелденбеген және ғылымға қарсы идеялар туралы жалған мәлімдемелер жасалды.
«Емдеу» жоспарын әзірлеген Доктор Зандре Бота иммунология немесе вирусология саласының маманы да емес. Ол балама медицинаның өкілі, сондықтан оның емдеу әдістерінің ғылыми және дәлелді негізі жоқ.
Сондай-ақ, ол биологиялық белсенді қоспалар шығарып, сатады. Оларды Желіде сатып алуға болады. Бір қызығы, оның онлайн-дүкенінің парақшасында аз да болса, сипаттамасы бар бірде-бір препарат жоқ. Сатып алушыларға ББҚ-ның құрамы, қолдану көрсеткіштері және қарсы көрсетілімдері туралы ақпарат бермей, оның қаптамасының фотосуретіне қарап, таңдау жасау ұсынылады.
Дегенмен, Зандре Бота вакцинация салдарын «емдеу» үшін өзі шығарған үш препаратты ұсынады. Онлайн дүкенде бұл өнімдердің құрамы туралы ақпарат болмағандықтан, олардың ағзаға қандай әсер ететінін айту мүмкін емес.
Сонымен қатар, доктор Бота антикоагулянттарды қабылдауға кеңес береді. Бұл қанның ұю процесін баяулататын дәрілер. Оларды алдын ала тексерілмей, дәрігермен кеңеспей қолдану қауіпті болуы ықтимал.
Балама медицина маманының тағы бір ұсынысы – «Ивермектин». Бұл ветеринарияда жиі қолданылатын антипаразиттік препарат. Оның COVID-19-бен күресте дәлелденген тиімділігі жоқ екендігі жайлы біз егжей-тегжейлі жазған болатынбыз.

Дәлелсіз: «Ивермектин – бұл вирустың барлық түрлерінде көмектесетін COVID-19 дәрі»

Бұл препаратты дәрігермен алдын ала кеңеспей қабылдаудың салдары ауыр болуы мүмкін.
Сондай-ақ, Доктор Бота хлор диоксидін қабылдауды ұсынады. Бұл қауіпті. Эстония мен АҚШ-та құрамына аталған заттар кіретін препараттарға ресми түрде тыйым салынған.
Бұлай «емделу» жолының жанама әсерлері іштің өткір ауыруы, қатты құсу, әлсіздік болуы мүмкін, сондай-ақ бұл өлім әкелуі ықтимал.
Жоғарыда айтылғандардың нәтижесінде тараған видеодағы ұсыныстар дәлелденбеген және қауіпті деп қорытынды жасауға болады. Ақпарат көзінің өзі де өте сенімсіз. Тиісінше, бұл кеңестерге сенудің қажеті жоқ.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button