Манипуляция: «Құбыр суы КВИ анықтау үшін экспресс-тест жасағанда оң нәтиже береді»
COVID-диссиденттер Sars-CoV-2 вирусы жоқ, ал оны анықтауға арналған тесттер фикция дегенге «дәлелдер» іздеуде. Бұл жолы олар таратқан видеода экспресс-тестке құбыр суын тамызғанда оң нәтиже шығатыны көрсетілген. Бұл манипуляция.
ПТР тестілері де жедел тесттер сияқты адамның жұтқыншағының шырышты қабығынан алынған жағынды немесе қан сияқты белгілі бір ортада дұрыс жұмыс істейді. Бұл тест жүйелері арқылы көкөністен, шырын мен газдалған сусыннан COVID-19-ды анықтау мүмкін емес.
Нәтиже дұрыс болмайды, өйткені судың, жемістің, көкөністің, шырын мен газдалған сусынның қышқылдығы адам қанының немесе басқа биологиялық орта қышқылдығынан өзгеше болады.
Жаратылыстану ғылымдарының оқытушысы және Indian Scientists’ Response to COVID-19 тобының мүшесі, доктор Рохини Карандикар Health Analytics Asia басылымына берген сұхбатында құбыр суының COVID-19-ға тест нәтижесінің оң болуына қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, «стрип-тест (жедел антиген тесті) антиген-антидененің өзара әрекеттесуі негізінде жұмыс істейді. Жолақтарда вирустық антигендермен байланыстыру үшін арнайы жасалған антиденелер бар. Егер үлгіде белгілі бір вирус болса, онда жолақтағы антиденелер вирустық антигендермен байланысады және реакция 15-30 минуттан кейін өткір түсті жолақ түрінде пайда болады».
Таратылған роликте реакция бір минуттан аз уақыт ішінде болғаны және нәтижені анықтайтын тесттегі жолақ бұлыңғыр екені көрінеді. Бұл тест жүйесінің дұрыс әрекет етпегенінің белгісі, себебі, ол құбыр суын тестілеуге арналмаған.
Бұған дейін біз мұндай фейктерді жоққа шығарған болатынбыз. COVID-19 анықтайтын тесттердің «сенімсіздігін» дәлелдегісі келген қастандық теориясын жақтаушылар лимон, жидек, Red Bull және Coca Cola-ны сынақтан өткізген. Алайда, бұлардың ешқайсысы олардың теориясын растамайды, өйткені талдау жасауға алынған материал әуелден бұлай тексеруге арналмаған.