Жалған: «Кивиді сау адамдар ғана жей алады»

Әлеуметтік желілерде киви жеуден сақтандыратын видео шықты. Оны тек сау адамдар ғана және тек басқа тағамдардан бөлек жей алады. Сонымен қатар, Африка мен Оңтүстік Америка елдерінде де оны мүлдем жемейді, тек экспорттау үшін ғана өсіреді екен. Бұл өтірік.
Киви – бұл жеміс емес, жидек. Бұл «Актинидия» тұқымдасының ағаш тәрізді лиана жемісі. Қытай мен Тайваньнан шыққан, Жаңа Зеландия, Италия, Чили, Грекия, Приморьенің оңтүстігінде, Кореяда және басқа елдерде өсіріледі.
Кивидің алғашқы сипаттамасы Сун әулеті кезінде XII ғасырға жазылған. Бастапқыда батыста жидек қытайлық қарлыған ретінде белгілі болды. Киви өсіруде Жаңа Зеландияда үлкен жетістікке жетті, онда жидек тұқым ретінде әкелінген. 1940 жылға қарай бұл өсімдікті көптеген жаңа зеландиялық фермерлер өсірді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жидек америкалық және британ әскерлері арасында танымал болды. 1950 жылдарға қарай қытайлық қарлыған Ұлыбритания мен АҚШ-қа экспорттала бастады. Сол кезде жидек Жаңа Зеландияның ұлттық құсына ұқсағандықтан, соның құрметіне киви деп аталды.
Киви – қоректік заттармен, соның ішінде С, А, Е және К дәрумендерімен қаныққан төмен калориялы жидек. Оның құрамындағы С дәруменінің мөлшері апельсинге қарағанда екі есе және лимондағы осы витамин деңгейінен бір жарым есе артық. Сонымен қатар киви тағамдық талшықтың көзі болып табылады. Киви құрамында калий және магний сияқты минералдар бар.
Кивидің тағы бір артықшылығы – оның құрамында су мен талшық. Диетологтар оны дұрыс тамақтанудың негізгі элементі деп атайды. Киви холестеринді төмендетуге көмектеседі, қандағы қантты қалыпты деңгейде ұстайды және ас қорытуды жақсартады. Кивидің жұмсағында көздің денсаулығын қолдайтын зеаксантин және лютеин сияқты каротиноидтар да бар.
CARE Hospitals кардиологиялық институты кивидің адам өміріне қажет 12 негізгі пайдасын айтты. Оның ішінде ішек пен тері денсаулығы, иммунитеттің жоғарылауы бар. Киви құрамында маңызды май қышқылдары мен пребиотиктер бар. Олар өз кезегінде пробиотиктердің – ас қорыту жүйесіндегі пайдалы бактериялар мен ашытқылардың көбеюіне ықпал етеді.
2018 жылы кивидің ағзаға тигізетін пайдасы ауқымды кең шолу жарияланды. Дені сау адамдарда да, іш қату, басқа да ас қорыту бұзылыстары бар адамдарда да киви асқазан-ішек жолдарының жұмысына оң әсер еткенін растайтын дәлелдер көбейді. Ғалымдар теңдестірілген тамақтану шеңберінде кивиді үнемі жеп жүрген дұры деген қорытындыға келді.
Сонымен қатар, зерттеушілер киви басқа жемістерге, өсімдіктерге немесе дәмдеуіштерге сезімтал адамдарда аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін екенін ескертеді.
2020 жылы Қытай, Италия, Иран және Чили ең ірі киви өндірушілері атанды. Әлемдік өндірістің жалпы көлемінің шамамен үштен бірі Жаңа Зеландияға тиесілі. Осы елдердің барлығында кивиді жейді.
Жоғарыда айтылғандарға сүйенсек, әлеуметтік желілерде таралған видео – фейк. Киви – ас қорытуды жақсартуға және холестерин деңгейін төмендетуге көмектесетін пайдалы жидек. Ол бүкіл әлемде белсенді қолданылады және ғылыми дәлелденген пайдалы қасиеттері көп. Оны бәріне жеуге болады, бірақ аллергиясы бар адамдарға сақ болу керек.