Манипуляция: «Жеміс шырындары COVID-19-ға ПТР сынақтарында оң нәтиже береді»
Қазнет қолданушылары итальяндық зерттеушілердің тәжірибесін талқылауда. Олар кейбір жемістер мен сусындардан COVID-19 анықтайтын ПТР-тест алған. Кейбір сынақтардың нәтижесі оң болған. Пайдаланушылардың пайымдауынша, бұл тестілеу әдісіне сенбеуге негіз бола алады.
Шын мәнінде, бұл нәтижелерді тестілеу әдісінің сенімділігі немесе сенімсіздігі ретінде қабылдауға болмайды.
Мәселе мынада, антиденелерді анықтауға арналған ПТР-тестілер мен экспресс-жүйелер тек нақты ортада ғана жұмыс істей алатындай етіп жасалған. Экспресс-тест үшін – бұл адам қаны, ПТР үшін – жұтқыншақтың шырышты қабатынан алынатын биоматериал.
Лейпциг университетінің биохимия профессоры Аннетт Бек-Зикингер биоматериал үлгісінің РН деңгейі әдетте сынақ жүргізу үшін ерітіндіде бейтараптандырылатынын түсіндірді. Алайда, ерітінді лимон, алма, киви және манго сияқты қышқыл ортаны бейтараптандыруға қабілетсіз.
Сондықтан жануар, жеміс немесе адам биоматериалынан басқа кез келген заттан алынған тест нәтижесін сенімді деп санауға болмайды.
Сонымен қатар, кез келген медициналық талдау жасау кезінде барлық нұсқауларды орындау өте маңызды. Материалды алу және онымен жұмыс істеу ережелерін бұзудың нәтижесінде қорытынды дұрыс болмайды. Австриялық Бостандық партиясының мүшесі Майкл Шнедлиц көпшілік алдында Coca-Cola тамшысынан COVID-19-ға экспресс-тест алған кезде дәл осы жағдай орын алған.
Қорыта айтқанда, шырындарды, жемістерді, тамақ пен жануарлардың қанын COVID-19 сынаудың пайдасы жоқ, өйткені тест жүйелері мұндай орталармен жұмыс істеуге арналмаған және нәтиже қасақана жалған болады.
Бұған дейін StopFake.kz лимон мен Coca-Cola-да сынақ нәтижесі «оң» болып шыққаны туралы жазған болатын.