Fake News

Фейк: «АҚШ-та үш күнде вакцина салдарынан 45000 адам қайтыс болды»

Қазақстандықтар Гавайи штатына қарсы ұжымдық талап арыз берілгені туралы жаңалықпен бөлісуде. Оған 72 сағат ішінде COVID-19 қарсы вакцинадан 45000 адам қайтыс болуы негіз болған екен. Бұл өтірік.


Мұндай ұжымдық талап арыздың бар екені рас. Оны American Frontline Doctors («Бірінші қатардағы америкалық дәрігерлер») ұйымы атынан адвокат Томас Ренц берген. Бұл вакцинацияға қарсы дәрігерлер қауымдастығы. Ол COVID-19 пандемиясы туралы жалған ақпаратты бұған дейін де таратқан.

Фейк: «Америкалық дәрігерлер коронавирусты емдейтін дәрі ойлап тауып, маскалар қажет емес деп мәлімдеді»

Талап арызға Джейн До лақап атымен белгілі әйелдің өтініші негіз болған. Ол өзінің «толықтай білікті» екенін айтып, VAERS жүйесіндегі ақпаратқа, сондай-ақ Медикэр және Медикэйд қызметтер орталығына (Medicare & Medicaid Services centers) жіберілген вакцинамен және өліммен байланысты хабарламаларға негізделген АҚШ-тағы егу науқаны нәтижесіндегі өлім-жітімді есептеулерін келтірген.
Оның есептеуі бойынша, вакцинация науқанының үш күніндегі өлім-жітім көрсеткіші VAERS жүйесінде көрсетілген көрсеткіштен кем дегенде бес есе артық.
Бұл мәлімдемеге сенбеген дұрыс, бұған бірнеше себеп бар.
Біріншіден, ақпараттың дереккөзі белгісіз. Жарияланым авторы өз есімі мен кәсібін жасырады, бұл оның білімі мен мамандану деңгейін, сәйкесінше, осындай мәселелердегі құзыреттілігін растауға немесе жоққа шығаруға мүмкіндік бермейді.
Екіншіден, ол есептеулерді қандай әдіспен жүргізгенін айтпайды, демек, оларды қайта тексеру мүмкін емес.
Үшіншіден, есептеу үшін VAERS жүйесінен алынған бастапқы деректерді толықтай сенімді деп айту қиын. Бұл – кез келген адам өзінің жеке деректерін көрсетпей және вакцина салдыру фактісін растамай-ақ өтінішін қалдыра алатын ашық платформа. Сайтта «вакциналардың жанама әсерлері туралы хабарламалар жүйесінің (VAERS) мәліметтер базасында АҚШ-та лицензияланған вакциналармен иммундаудан кейін расталмаған жанама әсерлер туралы есептер (аурулар, денсаулыққа қатысты мәселелер және/немесе белгілер) туралы ақпарат» ұсынылғаны жазылған. «Есептер кез келген адамнан қабылданады және сайтқа электронды түрде жіберілуі мүмкін». Сондай-ақ порталда «есептер толық емес, нақты емес, кездейсоқ немесе тексерілмейтін ақпаратты қамтуы мүмкін. VAERS-тегі есептердің көбі ерікті болып табылады, яғни ағат пікір болуы мүмкін» екендігі ескертілген.
Politifact басылымының хабарлауынша, биыл 19 шілдедегі жағдай бойынша VAERS жүйесіне вакцинациямен байланысты өлім туралы 6000-нан астам хабарлама келіп түскен. Алайда, қолжетімді деректер, оның ішінде өлім туралы куәліктер, аутопсия нәтижелері мен медициналық жазбаларды тексеру вакцинация мен өлім арасындағы байланысты анықтаған жоқ.
Демек, бұл өтініштерді вакцинация науқанынан болған өлімнің сенімді дәлелі деп санауға болмайды.
АҚШ-та COVID-19 қарсы вакциналардың жанама әсерлеріне байланысты үш күнде 45000 адам қайтыс болғанына дәлелдер жоқ. Бұл мәлімдеме жасырын түрде жасалды, есептеулер үшін бастапқы деректер ретінде баршаға қолжетімді тексерілмеген мәліметтер алынған және есептеу әдісінің өзі белгісіз. Мыңдаған егілген адамның өліміне байланысты ұжымдық талап арыз берген American Frontline Doctors ұйымы бұған дейін де COVID-19 пандемиясы және вакциналардың қауіптілігі туралы жалған ақпараттар таратқан.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button