Қазақстандықтарды көлік сыйлаймыз деп фишингтік сайттарға тартуда
What’sApp мессенджерінде компанияның 100 жылдық мерейтойына орай өткізілетін автокөлік ұтысына қатысуға шақыру тарады. Бұл фейк.
Шын мәнінде, Toyota компаниясы қазіргі кезде Қазақстанда мұндай акция өткізіп жатқан жоқ. Toyota-ның Алматы мен Нұр-Сұлтандағы ресми дилері «Астана Моторс» компаниясы ұтыс туралы ақпаратты жоққа шығарды.
– Желіде Toyota брендінің 100 жылдығына орай сыйлықтар ойнатылатыны туралы жалған хабарламалар тарауда. Сіздерді алаяқтардың іс-әрекеттеріне берілмей тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз. Қандай да болмасын акциялар, жүлделер ұтысы және т.б. арнайы бағдарламалар туралы ақпарат www.toyotaastana.kz, www.toyota-almaty.kz; @toyotaastana.kz, @toyota_center_almaty ресми ресурстарында жарияланады. Хабарламалар мессенджерлер арқылы таратылмайды, – деп хабарлады компанияның PR-қызметі.
Toyota компаниясының негізі 1937 жылы 28 тамызда қаланған. Демек, бренд 100 жылдығын тек 2037 жылы ғана атап өтеді.
Баршаңызды сақ болуға және ұйымдастырушылары белгісіз онлайн-ұтыстарға қатыспауға шақырамыз. Көп жағдайда алаяқтар желідегі белсенділік үшін қымбат сыйлықтар беруге уәде етеді, бірақ іс жүзінде олар жеке деректерді ұрлауға тырысады. Кибер алаяқтықтың мұндай схемасы фишинг деп аталады. Оны қалай тануға болатыны және алаяқтардың құрбаны болмаудың жолдары туралы бұған дейін жазған болатынбыз.
Фишингтік сайттарды қалай тануға болады және олар неге қауіпті