Фейк: «Қазақстанда КВИ қарсы тіркелген вакцина жоқ, ал уақытша тіркеу заңсыз»
Қазнет қолданушыларының айтуынша, елімізде COVID-19-ға қарсы бірде-бір тіркелген вакцина жоқ. Олардың пікірінше, дәрі-дәрмекті уақытша тіркеу заңсыз, өйткені оған күші жойылған Үкіметтің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №850 қаулысымен, сондай-ақ ТЖ кезінде ғана әрекет еткен ҚР Президентінің 2020 жылғы 16 наурыздағы Жарлығының 1-тармағымен ғана рұқсат етіледі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Ведомство жауабына сәйкес, Қазақстанда COVID-19-ға қарсы қолданылатын вакциналардың барлығы тіркелген. Бұл препараттарды уақытша тіркеу толығымен заңды және Мемлекет басшысының мүлдем басқа Жарлығына негізделген.
– COVID-19 қарсы вакциналарға уақытша мемлекеттік куәлікті ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қазақстан Республикасында өндірілген СOVID-19 корнавирусына қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу қағидаларына сәйкес ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №850 Қаулысы негізінде береді, – деп хабарлады министрліктен.
Сонымен қатар, мамандар КВИ қарсы иммундауға арналған препараттарды уақытша тіркеу 2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте де қарастырылғанын атап өтті. Тиісті нормалар 6-баптың 9-тармақшасында жазылған.
– ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №850 қаулысының күші жойылған жоқ, оған соңғы рет 2021 жылғы 15 сәуірде №244 қаулымен өзгерістер енгізілді. Вакциналар, оның ішінде Қазақстанға әкелінетін вакцинаның әрбір сериясы сапа бағалауынан өтетінін атап өту қажет, оның нәтижелері бойынша өнімнің сәйкестік сертификаты беріледі. Сапаны бағалауды жүргізу кезінде өндірушінің вакцинаның сапасын растайтын құжаттары, реттеуші органдармен серияларды нарыққа шығару мақсатында сапаны бақылауды жүргізуге уәкілеттік берілген зертхана берген серияның сапа сертификаты мұқият зерделенеді, – делінген ҚР ДСМ жауабында.
Демек, Қазақстанда КВИ қарсы вакциналардың тіркелмегені туралы хабарлама өтірік. Елімізде COVID-19-ға қарсы иммундау препараттарын уақытша тіркеу толығымен заңды.