Фейк: «Графен – бұл Еуропалық Одақтың қорқыныштарды басуға бағытталған әзірлемесі»
Танымал қазақстандық Telegram-арналарда графен – бұл Еуроодақтың әзірлемесі және бұл материал адамдарда қорқыныш пен үрей сезімдерін басу үшін пайдаланылатыны туралы бейнеролик тарады. Бұл жалған.
Бұған дәлел ретінде видео авторы Graphene Flagship жобасының сайтын көрсетеді, оның сипаттамасында бастамашылар Еуропалық одақ елдері екендігі айтылған. Одақ инновациялық материалдың қасиеттері мен қолданылуын зерттеуге миллиард еуро бөлген екен.
Алайда, ролик авторы осы сипаттамада келтірілген ақпаратқа назар аудармайды. Онда жобаның материалды ауқымды және орталықтандырылған зерттеу алаңы болып табылатыны және оның қатысушылары графеннің өзін шығармағаны айтылған. Жобаның негізгі мақсаты – материалды зерттейтін ғалымдар, әзірлеушілер мен графенді өндірісте қолдана алатын ірі компаниялар арасында тәжірибе алмасу үшін коммуникациялар мен алаң құру. Жобаны әзірлеушілердің пікірінше ақыр соңында бұл экономиканың өсуіне әкеледі.
Графенді алғаш болып ашқан ғалымдар Костя Новоселов пен Андрей Гейм. 2010 жылы олар бұл жаңалық үшін Нобель сыйлығын алған, бұл туралы баспасөзде хабарланды.
Graphene Flagship жобасы 2013 жылы ғана іске қосылды, демек Еуроодақ бұл жағалықты қаржыландырған жоқ.
Бүгінгі таңда графеннің барлық қасиеттері және оны қолдану аясы зерттелмеген. Ғалымдар материалды тестілеу және жаңа ғылыми мақалаларды жариялау арқылы осы бағытта жұмыстар жүргізуде. Олардың көбі графенді медицинада қолдануға арналған. Мысалы, материалды онкологияның алдын алуда және емдеуде, әртүрлі имплантаттар мен протездерді жасауда, терапевтік құрал, биомаркер және т.б. ретінде пайдалану әлеуеті зор.
Бейне авторы көрсеткен мақала да графенді медицинада қолдануға арналған. Ғалымдар оның қасиеттерін жарақаттан кейінгі стресстің бұзылуымен (ЖКСБ) күресуде сынап көрді. Айта кетейік, ЖКСБ – бұл адамдар күнделікті өмірде сезінетін қорқыныш немесе алаңдаушылық емес. Бұл ауыр ауру, оның белгілері үнемі түнде жаман түс көру, күндіз шынайылықпен байланысты жоғалту жағдайлары, бұл ретте адамдар жарақаттанған оқиғаны қайта-қайта «бастан кешіреді», ішінара есте сақтау қабілетінің жоғалуы, жағымды эмоцияларды сезіне алмау, өмірге деген қызығушылықтың жоғалуы және т.б.
ЖКСБ дамуының себептері стресстік жағдайлар, мысалы, әскери іс-қимылдарға қатысу, өзіне немесе туыстарына қатысты көрсетілген зорлық-зомбылық және т.б.
ЖКСБ емдеу өте қиын – осы аурумен ауырғандардың көбі ұзақ және үздіксіз қолдау терапиясын қажет етеді.
Сондықтан ЖКСБ емдеудің жаңа және тиімді әдістерін іздеу бүгінгі күні өзекті болып табылады.
Тышқандарда жүргізілген тәжірибелер графеннің ЖКСБ-мен күресудің революциялық тәсілі бола алатындығын дәлелдеді. Ғалымдар материалды тышқандардың миына хирургиялық жолмен енгізді, содан кейін жануарларға ауырсынуды басатын дәрілер мен антибиотиктер егілді. Яғни, графенді енгізу көзге байқалатын және ауыртатын процедура, өйткені зат мидың белгілі бір аймағына тікелей енгізілді. Алынған нәтижелер графеннің жоғары тиімділігін көрсетті – препарат зақымдайтын оқиғадан аман қалған тышқандарды психологиялық жарақат алмаған тұқымдастары сияқты әрекет етуге мәжбүр етті. Айта кетейік, бұл зерттеу салыстырмалы түрде жақында – ағымдағы жылдың сәуір айында жүргізілді. Графеннің адамдарда ЖКСБ емдеу кезіндегі қасиеттері әлі тексерілген жоқ.
Демек, графен Еуропалық одақтың әзірлемесі емес. Ұйым оның қасиеттерін зерттеуге демеушілік жасайды. Графенді ЖКСБ емдеуде қолдануға болады, бірақ адамдарда тәжірибелер әлі жүргізілген жоқ. Сонымен қатар, зерттеуде рационалды қорқыныш пен алаңдаушылықты басу, сондай-ақ материалды миға байқатпай енгізу туралы айтылмайды.
Бұған дейін біз графенді зерттеуге байланысты фейктерді жоққа шығарған болатынбыз. Мысалы, қазақстандықтар графеннің КВИ-ға қарсы вакциналарда, ПТР-тесттерде және медициналық маскаларда анықталғаны, тіпті оны аспаннан шашатыны туралы жазған.
Қастандық теориясына сенуден ақша табуға тырысатын алаяқтар «графенді бейтараптандыратын» биологиялық белсенді қоспаларды да сата бастады.