Манипуляция: «Бала көтеру технологиясын жасау үшін 10 миллион бөлінді»
Танымал қазақстандық Telegram-арналардың бірінде жасанды жатыр жасауға 10 миллион көлемінде грант бөлінгені туралы хабарлама таратылуда. Мәтінде әлі туылмаған балалар инкубаторлары орналасқан үлкен «алаң» көрсетілген видео ұсынылған. Осылайша, кейбір пайдаланушылар отбасылық институтын жоюға бағытталған әлемдік қастандық теориясын дәлелдеуге тырысуда.
Бұған дейін біз БҰҰ сайтында жарияланған және жеке тұрғын үйді, барлық құқықтар мен бостандықтарды, соның ішінде отбасын құру және өз балаларын тәрбиелеу құқығын жою сияқты тармақтарды қамтыған «Жаңа әлемдік тәртіп» туралы мифті жоққа шығарған болатынбыз.
Бұл жолы қазақстандықтар «растау» ретінде ғалымдардың әйелдердің қатысуынсыз нәресте өсіруге мүмкіндік беретін жасанды құрсақ әзірлеп жатқандығы туралы видеомен бөлісуде.
Ролик авторының айтуынша, құрылғы патенті 1955 жылы мақұлданған. Шынымен, мұндай патент бар және оны 1954 жылы Эммануэль Гринберг ұсынған. Алайда, сызбаларда көрсетілген құрылғы жасалмаған және патент мерзімі 1972 жылы аяқталды.
Видеода айтылған осы сияқты тағы бір патентті 1993 жылы өнертапқыш Уильям Куперге берілген. Бірақ жоба одан әрі жүзеге асырылмаған және 2011 жылы патентті қолдану мерзімі аяқталған.
Дегенмен, ғалымдар әлі де болса жасанды жатыр жасап шығаруға тырысуда. Бұл құпия да, конспирология да емес. Технология мерзімінен бұрын туылған балаларды күту үшін қажет. Қазіргі кезде қолданылып жүрген кювездер шала туылған нәрестелерді бағып-күтуге мүмкіндік береді, бірақ көп жағдайда мұндай балалар тыныс алу және жүрек-қан тамыр жүйесі аурулары, соқырлық және басқа да бұзылулардан зардап шегеді.
2019 жылы неміс әзірлеушісі 2,9 млн еуро көлемінде грант алды. Бұл ақшаға ол шала туылған нәрестелер үшін жасанды құрсақ прототипін жасауы тиіс болатын. Құрылғыны тек клиникаларда ғана пайдалану жоспарланған.
10 миллиондық грант туралы хабарланбаған еді. Сондай-ақ, хабарлама авторлары бұл грантты бөлген елді де, оның валютасын да нақтыламайтынын атап өткеніміз жөн. Басқа ғалымдар да жасанды құрсақ жасауға ниетті. Мысалы, Филадельфияда зерттеушілер жасанды амниотикалық сұйықтықпен толтырылған пластик пакетке ұқсас құрылғы ойлап тапты. Онда мерзімінен бұрын туылған қозы өсірілген.
Видеода көрсетілген сәбилер жатқан жүздеген құрылғы – компьютерлік графиканың көмегімен жасалған 3D модельдер. Олар Hashem Al-Ghaili You-Tube каналындағы видеода көрсетілген. Арна авторы өздігінен монтаждап, түсініктеме беретін танымал ғылыми видеолар түсіреді.
Жасанды жатыр туралы шығарылымда ол көрсетіліп отырған 3D модельдер әлі жасалмағанын айтады. Бұл жоспар бойынша қазіргі кезде қолжетімді кювездер мен инкубаторлардың жетілдірілген моделі болуы тиіс жоба ғана.
Сонымен қатар, автор мұндай құрылғылар ана мен әкенің қатысуынсыз бала «өсіру» үшін емес, тек мерзімінен бұрын туылған нәрестелерді күту үшін ғана қажет екенін атап өтеді.
Демек, Желіде тараған видео қастандық теориясының дәлелі бола алмайды. Көрсетілген құрылғылар компьютерлік графиканың көмегімен жасалған, шала туылған нәрестелерді күтуге қажетті құрылғылардың модельдері. Бұл балаларды жасанды түрде өсіріп, ата-аналарды оларды тәрбиелеу құқығынан айырады дегеннің белгісі емес.