Алаяқтар танымал спорт дүкенінің атынан фейк жарнама таратуда

Әлеуметтік желілерде танымал «Спортмастер» спорттық тауарлар дүкенінен 1077 теңге тұратын бренд аяқ киімнің жарнамасы жарияланды. Акция компанияның мерейтойына орай іске қосылған және оған тек Қазақстан тұрғындары ғана қатыса алады екен. Бұл фейк.
Жарнамада оның жалған екендігінің бірнеше белгісі бар.
Біріншіден, «Спортмастер» сауда маркасы 1996 жылы тіркелген. Компанияның Қазақстандағы алғашқы дүкені 2011 жылы ашылды. Демек, компания биыл мерейтойын атап өтпейді.
Екіншіден, барлық танымал сауда желілері тұтынушыларға өз акциялары мен арнайы ұсыныстары туралы ресми сайттарда және әлеуметтік желілердегі парақшаларында міндетті түрде хабарлайды. «Спортмастер» интернет-дүкенінде, оның Instagram және Facebook-тегі аккаунттарында Қазақстан тұрғындарына 1077 теңгеге
сатылып жатқан «Air Force 1» аяқ киімі туралы ақпарат жоқ.
Демек, бұл жарнаманың компанияға ешқандай қатысы жоқ және оны белгісіз адамдар өз мақсатында пайдалануда.
Бұл алаяқтық схема желіде бұрыннан таралып келеді. Біз сайтымызда мұндай жарнамаларды жоққа шығардық. 2024 жылдың қазан айында алаяқтар әлеуметтік желілерде Астана әуежайы ұмытылған багажды 1060 теңгеге сататыны туралы ақпаратты жариялады. Ал 2025 жылдың ақпан айында тараған хабарландыруда «Меломан» интернет-дүкенінен 9 кітапты небәрі 1050 теңгеге сатып алуға болатыны айтылған. Мұның бәрі фейк болып шықты.