Фейк: «Озон табысы мол онлайн жұмыс ұсынады»

Қазақстандықтарға WhatsApp арқылы Ozon интернет-дүкеніне жұмысқа шақыру туралы ұсыныс келіп түсуде. Күніне 30-60 минут қашықтан жұмыс істеп, 20 мыңнан 50 мың теңгеге дейін табыс табуға болады екен. Хабарландыруда еңбек жағдайы туралы ештеңе айтылмаған және байланысу үшін Ұлыбритания коды бар телефон нөмірі көрсетілген. Бұл ескі алаяқтық схема.
Ozon маркетплейсі жалған бос жұмыс орындары туралы 2022 жылы өзінің Telegram-дағы ресми парақшасында ескерткен.
«Жалдау менеджерінен» телефонға Ozon-да жұмыс істеуге шақыратын SMS келеді. Бұл өте тартымды ұсыныс болып көрінеді: жұмысты қашықтан істеуге болады, жалақысы жоғары, оны күн сайын төлейді. Хабарламада көрсетілген контактілерге жазсаңыз болды.
Одан әрі алаяқтық схема жүзеге асырылады. Алдымен, аздап ақша аударуыңызды сұрайды. Мұны әр жолы әртүрлі түсіндіреді: агенттік жарна, сатушының рейтингін көтеру және т. б.
Озон жұмысқа қабылдаған кезде үміткерлерден ешқашан ақша алмайды. Банк картасының деректерін немесе қандай да бір ресурстарға тіркелуді сұрамайды. Сондай-ақ iMessage арқылы жұмысқа шақыру туралы ұсыныс жібермейді, Telegram сілтемелері арқылы өтуді өтінбейді. Кейде job.ozon.ru ресми ресурсына апаратын қысқа сілтеме жібереді», – делінген Ozon ресми мәлімдемесінде.
Жалған бос жұмыс орындары туралы осындай хабарлама 2024 жылы жазда Ресейде тараған. Алаяқтар Ozon, Wildberries, AliExpress-ке жұмысқа шақырған. «Известия» газетінде зардап шеккендердің бірінің оқиғасы жарияланды. Оған танымал қытайлық онлайн-платформаға шақыру келіп түскен. WhatsApp-қа сынақ тапсырмаларына сілтемелер жіберілген. 10 тапсырманы сәтті орындаған жағдайда сыйақы төленеді екен. Ол үшін жалған сайтта заттарға тапсырыс беру керек болған. Бірінші күні тапсырмаларды дұрыс орындап, шамамен 300 рубль комиссия төленген, нәтижесінде ол 800 рубль алған. Келесі күні жаңа деңгей ұсынылған. Шотқа 2 мың рубль салып, 30 тапсырманы орындау қажет болған. Тапсырмаларды орындап болған соң ол салған қаражатын және комиссия ретінде жүздеген рубль алған. Ал салған ақшаның жалпы сомасы 250 мың рубльден асқанда, оны ала алмай қалған.
Осы жылдың қаңтарында жалған бос жұмыс орындары туралы хабарламалар ресейлік мессенджерлер арқылы қайта таралды. Жұмыс іздеушілерге кестесі икемді көп ақша төленетін қашықтан істеуге болатын жұмыс ұсынылды. Ол үшін белгісіз қосымшаны орнату қажет. Ресей ІІМ бағдарлама СМС-хабарламаларды ұстап қалатыны туралы ескертті. Осылайша, онлайн-қылмыскерлер құпия кодтарды, соның ішінде банк қосымшаларына жіберілген кодтарды біле алады. Демек, ақшаңыздан айырылуыңыз мүмкін.
Алаяқтар жалған бос жұмыс орындары туралы ақпаратты бұрыннан пайдаланып келеді. Компаниялардың корпоративтік сайттарында немесе жұмыс іздеуге арналған тексерілген платформаларда орналастырылған ұсыныстарға жауап берген қауіпсіз болады. Әйтпесе, пайда таппай, айтарлықтай ақшаңыздан айырылуыңыз мүмкін.