Фейк: «Вьетнамда ауыл тұрғындары үйлену тойы қарсаңында қолдарын шабады»

Желіде тараған видеода Вьетнамның шалғай ауылдарының біріндегі дәстүр көрсетілген. Отау құрғалы жатқан ерлер болашақ жарына деген адалдықтың белгісі ретінде екі қолын шабады екен. Мұндай әдет-ғұрып жоқ, таратылған ақпарат – фейк.
Жалған ролик – «Độc Lạ Bình Dương» YouTube арнасында жарияланған бірнеше видеодан алынған.
Арнада негізінен позитивті оқиғалар мен ерекше адамдар туралы Вьетнам жаңалықтары шығады. Оны 2019 жылы ел бойынша қызықты сюжеттер іздейтін блогер Доан Нху Фу ашқан.
Фейкте ұсынылған мәліметтер 2024 жылдың 4 және 13 желтоқсанында арнада жарияланған. Белгісіз біреулер монтаж жасап, қытай тілінде ойдан шығарылған әңгімені айтып, дыбыстаған.
Жлған видео алдымен Тайваньда тараған, оны жергілікті фактчекерлер тексерді. Онда «Екінші отбасы» мүгедектерге өзара көмек көрсетумен айналысатын вьетнамдық топ туралы айтылған. Топты Лонг Тхань ауылында тұратын Фам Куок Тхань құрған. Ол өз әңгімесін 2024 жылдың 20 желтоқсанында вьетнамдық БАҚ «LONGAN Online» айтып берген.
Ер адамның қолы сау болған, алайда 7 жыл бұрын тоқ соғып, денесін күйік шалған. Тіндер некрозына байланысты екі қолы кесіп тастауға тура келген, ол өмірден жабығып кетеді.
Болашақ жарын кездестіргенде Фам Куок Тханның рухы көтеріліп, ол біртіндеп қалпына келіп, басқалардың көмегінсіз өзін-өзі күтуге мүмкіндік беретін бірнеше құрал жасаған. Ол тәжірибесімен желіде бөлісе бастаған. Көп ұзамай осындай қиындықтарды бастан өткерген адамдар онымен байланысқа шығады. Осылайша Вьетнамның түкпір-түкпірінен 50-ге жуық адам кірген топ құрылады.
Фам Куок Тханның командасы ұдайы кездесіп тұрады, сондай-ақ апаттар мен жазатайым оқиғалардан зардап шеккендерге барады. Оларға психологиялық қолдау көрсетіп, күнделікті өмірде көмектесетін және өзіне деген сенімін қалпына келтіретін көмекші құрылғылар жасауға үйретеді. Топ мүшелерінің көбі үйленген және жұбайларының қолдауының арқасында шабыт алып, жаңа өмір бастаған.
Демек, үйлену тойы қарсаңында ерлер қолдарын шабады деген әңгіме жалған. Белгісіз біреулер вьетнамдық «Екінші отбасы» мүгедектерге өзара көмек көрсету тобы туралы айтылған «Độc Lạ Bình Dương» арнасының нақты сюжеттерін қайта дыбыстаған.