Жалған: «Әлемді өзгертпек болған адамдар жұмбақ жағдайда қайтыс болды»

Қастандық теориялары жақтаушылардың айтуынша, әлемді өзгертпек болған адамдар жоғалып кетеді немесе қысымға ұшырайды. Бұған мысал ретінде ғалымдар, өнертапқыштар, белсенділер келтірілген. Бұл мәлімдеме рас па, анықтайық.
Стэнли Мейер
Видеода бензиннің орнына сумен жүретін көлік ойлап тапқан Стэнли Мейер мейрамханада уланып, көз жұмған делінген.
1975 жылы америкалық Стэнли Мейер отын ретінде су қолданылатын көлік жасап шығарғанын мәлімдейді. Маңызды дәлелдер бомласа да, ол инвесторларды тарта алды. Сарапшылар оның өнертабысын зерттемек болғанда Мейер оны көрсетуден бас тартады, бұл қоғамда күмән тудырды. Нәтижесінде оны 1996 жылы алаяқтық жасады деп айыптайды. Оның «жаңашыл» механизмі іс жүзінде ғылыми ортада бұрыннан белгілі қарапайым электролизер екені анықталды.
1998 жылы Стэнли Мейер мезгілсіз дүниеден өтті. Ол ағасымен және екі әлеуетті шетелдік инвестормен іскерлік кездесу кезінде қатты құса бастаған. Ағасының айтуынша, Стэнли оны біреулер улағанын айтып үлгерген. Ал тексеру оның аневризмадан көз жұмғанын көрсетті.
Оның өліміне бельгиялық инвесторлардың қатысы бар деген қауесет тарады. Бірақ бұған ешқандай дәлел табылған жоқ.
Мейердің өнертабысын да ешкім жасырып жүрген жоқ. Оның көлігіне берілген патент баршаға қолжетімді. Оның қолданылу мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен, сондықтан онда сипатталған технологияны кез келген адам жасай алады. Бұған қарамастан, осы уақытқа дейін ешкім Мейердің «жетістігін» қайталай алмаған және су көлігін жасап шығармаған.
Альфредо Боуман
Ролик авторларының айтуынша, барлық ауруларға қарсы дәрі ойлап тапқан Альфредо Боуман полицияның қолында болған кезде жұмбақ түрде қайтыс болған.
Бұл адам АҚШ-тың шөппен емдейтін шипагер дәрігер Себи ретінде белгілі. Ол барлық ауруларды шөппен және өсімдік негізіндегі сілтілі диетамен емдеуге болады деген.
Доктор Себи бірнеше рет айып тағылып, қамауға алынған. Атап айтқанда, 1987 жылы ол медициналық практикамен айналысуға лицензияның жоқтығы және ЖҚТБ пен лейкемиядан арылуға көмектесетін емдеу әдістерін заңсыз жарнамалағаны үшін айыпталған.
2016 жылы ол Гондураста елге қолма-қол ақшамен кіруге тырысқаны үшін қамауға алынды. Оған ақшаны жылыстатты деген айып тағылды. Боуман түрмеде пневмонияның асқынуынан қайтыс болды.
Бірден тарала бастаған жұмбақ өлім туралы қауесеттерді доктор Себидің туыстары жоққа шығарды. Оның ұлы Альфредо «Асами» кіші Боуман, қызы Келли Боуман және немересі Айзеа Боуман The Breakfast Club радиобағдарламасына қатысты.
«Бұл үкіметтің ісі емес және оның әділетіз іс-әрекеттерімен байланысты емес», – деді Айзеа Боуман. «Егер әкеңіз немесе атаңыз ыстық су, тамақ және теледидар сияқты жағдайлар жаалмаған үшінші әлем елінде түрмеде отырса, оның өлу ықтималдығы айтарлықтай артады».
Макс Спирс
Бұл британдық зерттеуші және қастандық теориялдарын жақтаушы. Макс Спирс үкіметтің құпия технологиялары мен өзге ғаламшарлармен байланыстары туралы білетінін айтқан. Видеода оның 2016 жылы Польшада біртүрлі жағдайда қайтыс болғаны айтылады.
Макс Спирстің Польшада көз жұмғаны рас, бірақ бұл жұмбақ өлім емес. Конспирологтың өліміне күшті ксанакс транквилизаторын артық мөлшерде қолдану себеп болған.
Оның денесі Варшавада Моника Дувал есімді әйелдің үйінен табылды. Ол Спирстің ксанакс таблеткаларын қабылдағаннан кейін диванда ұйықтап қалып, тыныс алуы тоқтап қалғанын айтқан. Дювальдің сөзінше, ол Спирстің өтініші бойынша Кипрде демалған кезде клиникадан осы препараттың шамамен 10 қорабын сатып алған. Полиция есебіне сәйкес, Спирс түрік аналогының мөлшерлемесіз басқа, бұл қауіпсіз доза деп ксанакстың 10 таблеткасын ішкен. Прокурорлар өлім басқа адамдардың қатысуынсыз табиғи себеппен болды дейді.
Британдықтар өз тергеуін жүргізді. 2019 жылы олар Спирстің өліміне есірткі мен пневмония себеп болды деп жариялады.
Томас Браун
«Томас Браун – энергияны шексіз өндіретін суық ядролық синтез технологиясын жасаған америкалық физик. Ол 1990 жылы із-түзсіз жоғалып кеткен, оның бұдан кейінгі тағдыры белгісіз болып қалып отыр», – делінген видеода.
Иә, Томас Таунсенд Браун – өнертапқыш. Біртүрлі электрлік әсерлерді зерттеу нәтижесінде ол күшті электр өрістерінен туындаған антигравитацияның түрін аштым деп ойлайды.
Браун өмір бойы өз идеяларына негізделген құрылғылар жасаумен айналысты, олар өнеркәсіпте және әскери мақсатта пайдаланылады деп үміттенді. Бұл құбылыстар Бифельд-Браун эффектісі ретінде белгілі болды.
Томас Браунның гравитацияға қарсы зерттеулерге деген алғашқы қызығушылығы 1920 жылдары пайда болып, 1950 жылдары жоғалды. Күмәнді түпкілікті жою үшін NASA вакуумдық камераларда жоғары кернеулі эксперименттер жүргізді, бірақ олар ешқандай әсер таппады.
Томас Таунсенд Браун 1985 жылы қайтыс болды. Ол 80 жаста еді. Ол идеяларына байланысты біреудің қолынан көз жұмды деп айту қиын.
Гарри Гринделл Мэтьюз
Қастандық теориясын жақтаушылар тағы бір британдық өнертапқышты назардан тыс қалдырған жоқ. Видеода ұшақтарды алыстан жоюға арналған «өлім сәулесін» жасап шығарған Гарри Гринделл Мэтьюз туралы айтылады. Ролик авторларының айтуынша, ол да күдікті жағдайда қайтыс болған.
1914 жылы Ұлыбритания үкіметі операторды қауіптен қорғау мақсатында ұшақтармен және дирижабльдермен күресу үшін радиомен басқарылатын қару-жарақ жасауға конкурс жариялайды. Екі жыл бұрын өзінің жалған радиотелефонын сәтсіз таныстырған Мэттьюз зеңбірегі бар теледидармен басқарылатын қайық жобасын ұсынды. Осы үшін ол 25000 фунт стерлинг алып, қайық үлгісін әскери қызметкерлерге тапсырып, жоғалып кетеді. Ал қайық мүлдем пайдаланылған жоқ.
1921 жылы Мэттьюз Уэллстің кітаптарындағы сипаттамалардан шабыт алып, «өлім сәулелерін» жасағанын мәлімдейді. Келесі үш жылда ол армия өкілдерімен тікелей кездеспеуге тырысып, өзінің өнертабысын баспасөзге белсенді түрде таныстырды, сондай-ақ АҚШ, Франция және басқа елдердің әскери күштері оның «сәулелеріне» қызығушылық танытып отыр дейді.
1926 жылы сәуірде Мэттьюз өнертабысын қорғаныс министріне таныстырады. Оның «сәулелерінің» әсерінен оқ-дәрі жарылып атылды, орындыққа байланған егеуқұйрық өліп, мотоцикл қозғалтқышы тоқтап қалды. Ол қайта көрсетуден, соның ішінде далалық сынақтардан үзілді-кесілді бас тартты. Нәтижесінде оған Ұлыбритания үкіметінен мың фунт мөлшерінде грант берілді, бірақ «сәулелер» сатылған жоқ.
Кейін оның «өнертабысы» жай фокус болғаны анықталды. Оның өтірігі ашылды.
Оның өлімінде де жұмбақ ештеңе жоқ. Мэттьюз 1941 жылы қыркүйекте жүрек талмасынан қайтыс болды.
Қастандық теорияларды жақтаушылар әлемді өзгертпек болған адамдар жұмбақ жағдайда жоғалып кетеді немесе өледі деген мифті жиі қолданады. Бірақ фактілерді талдау бұл мәлімдемелердің көбі негізсіз екенін көрсетті.