Фейк: «Маскаларда, ПТР-тесттерде және вакциналарда тромбоз тудыратын зат бар»
Танымал қазақстандық Telegram-арнада COVID-19-ға қарсы вакциналарда, маскаларда және ПТР-тесттерде миға еніп, тромбоз және басқа да бірқатар аурулар тудыруға қабілетті графен оксиді бар екендігі туралы хабарлама таратылуда. Бұл жалған.
Графен – қалыңдығы бір атом болатын көміртек атомдарының қабатынан тұратын материал. «Графен оксиді» термині графеннің оттегі бар функционалды топтармен және (немесе) молекулалармен байланысын білдіреді. Құрылымында бір немесе бірнеше бор, азот, алюминий, фосфор, кремний, күкірт немесе оларға негізделген топ атомдары бар графен оксидтері белгілі. Мысалы, меламин, фосфин, силан, полисилоксан, сульфидтер және т. б.. Түрлері – полиэтиленгликоль, полиэфир, поливинил, полиакрил және т. б. сияқты полимерлермен өзгертілген графен оксидтері.
Графен мен оның оксидтерін қолдану аясы өте кең және әлі де зерттеу сатысында. Атап айтқанда, графен оксиді қатерлі ісіктерді емдеуге арналған дәрі-дәрмек өндірісінде, ғылыми тәжірибелерде, ДНҚ реттілігі кезінде, өнеркәсіпте және басқа салаларда қолданылады.
Медициналық маскалар өндірісінде графенді қолдану зерттелді. Бұл зерттеулер оң нәтиже көрсетті.
Кейбір компаниялар графенмен қапталған жеке қорғаныс құралдарын шығара бастады. Алайда, мұндай жаңалық кейбір азаматтар арасында алаңдаушылық тудырды. Атап айтқанда, Канадада мұндай маскалар партиясына шағымдар түсті: оларды киген адамдар бас ауруы, тамақтың жыбырлауы және әлсіздік сезінгендерін айтқан. Осыдан кейін партия қайтарылды. Бұл туралы біз жазған болатынбыз. Кейіннен Канада билігі графенмен қапталған жеке қорғаныс құралдарын зерттеп, олардың уыттылығына дәлелдер таппады.
Айта кетейік, заманауи материалдан жасалған жабын барлық медициналық маскаларда болмайды. Олардың көбі спанбондтан жасалады және құрамында графен немесе оның оксидтері жоқ. Қазақстанда графен жабыны бар маскалар жоқ.
Графен оксиді ПТР тестілеу әдісін жақсарту құралы ретінде де қарастырылады. Алайда, бұл жағдайда зат биоматериал алу кезінде емес, талдау кезінде тікелей қолданылады. Тиісінше, адам денесінің шырышты қабаттарынан жағынды алатын стиктерде графен оксиді жоқ. Осылайша, ПТР-талдау алу кезінде графен оксиді пациенттің денесімен ешқандай байланыста болмайды және қандай да бір зиян келтіре алмайды.
COVID-19 қарсы вакциналар құрамындағы графен оксидіне келетін болсақ, бұл қастандық теориясы. Вакциналарда графеннің де, оның оксидтерінің де неге болмайтыны туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз:
Графен және оның оксидтері денеге теріс әсер етуі мүмкін. Дегенмен, дәрі-дәрмекте қолданылатын оксидтердің түрлері барлық ықтимал теріс әсерлерді бейтараптандыру үшін модификацияланады.
Графен оксиді тромбоз тудырмайды. Керісінше, бұл зат осы ауруды емдеуге арналған препараттарды әзірлеу үшін қолданылады.
Графен оксидінің пайдаланушылар жазғандай миды қорғайтын гематоэнцефалитикалық тоқсқауылдан өту мүмкіндігі іс жүзінде зерттелмеген. Ғалымдарда бұл зат мимен әрекеттесіп, нейрологиялық ауруларды тудыруы мүмкін деп айтуға жеткілікті негіз жоқ.
Демек, маскаларда, ПТР-тесттерде және вакциналар құрамындағы графен оксидінің болатыны туралы хабарламалар асыра сілтеу, манипуляция және конспирология. Бұл затты қолдану аясы өте кең болғанына қарамастан, ол медициналық маскалар өндірісінің көбінде қолданылмайды. Қазақстанда мұндай жеке қорғану құралдары мүлдем жоқ. ПТР тестілеу кезінде графен оксиді қолданылуы мүмкін, бірақ биоматериалды алу кезінде емес, талдау сатысында ғана. Тиісінше, зат адам денесімен өзара әрекеттеспейді. COVID-19 қарсы вакциналар құрамында бұл зат жоқ.
Графен оксидінің токсикологиялық қасиеттері әлі де зерттелуде, бірақ ғалымдар оны дәрі-дәрмек жасау кезінде қолдану үшін компоненттің теріс әсерін бейтараптандырудың жолын тапты.