Фейк: «Вакцинаның жанама әсерін жасыру үшін нәрестенің қанын сұйылтатын дәрі мақұлданды»
Instagram-да АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын санитарлық бақылау басқармасы (FDA) 12 жасқа дейінгі балаларға Pfizer вакцинасын қолдануға рұқсат бермес бұрын, нәрестенің қанын сұйылтатын балалар препаратын мақұлдады деген теория тарады. Кейбір пайдаланушылардың пікірінше, бұл препарат тромб тудырады, ал фармацевтикалық компаниялар оны жасыруға тырысады. Мұның бәрі өтірік.
Сөз болып отырған Pradaxa препаратын FDA осы жылдың 21 маусымында мақұлдады. Ведомствоның ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, дәрі үш айдан 12 жасқа дейінгі балаларда веноздық тромбоэмболияның алдын алуға және емдеуге арналған. Сонымен қатар Pradaxa пациенттерге бес күн бойы басқа қан сұйылтатын препараттарды көктамырға енгізу арқылы қолданғаннан кейін тағайындалады.
Pfizer вакцинасының Pradaxa препаратына ешқандай қатысы жоқ. АҚШ-та Pfizer вакцинасы 16 жастан асқан балаларға да егіледі. Бес жастан асқан балаларды шұғыл жағдайларда ғана вакцинациялауға болады. Бес жастан кіші балаларға препарат берілмейді.
Pfizer компаниясының COVID-19 қарсы вакцинасы тромбтардың қалыптасуына әкелмейді. Мұны Шотландияда 2021 жылы жүргізілген ауқымды зерттеулердің нәтижелері растады. Тәжірибе барысында ғалымдар осы вакцинамен егілген адамдарды бақылады. Нәтижесінде, вакцинациядан кейінгі кезеңнің соңында еріктілердің ешқайсысында тромбоэмболия болмаған және оның даму қаупі де артқан жоқ.
2021 жылғы мамыр айында Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі вакцинаның қауіпсіздігіне тәуелсіз бағалау жүргізді және барлық қол жетімді деректерді зерттеп, препарат қауіпсіз және тромбтардың қалыптасуына әкелмейді деген қорытындыға келді.
Бұған дейін Pradaxa препаратын мақұлдау мен Pfizer вакцинасының арасындағы байланысты USA Today порталы жоққа шығарған болатын.
Қорыта айтқанда, фармацевтикалық компаниялар вакцина салдарынан тромбтар қалыптасатынын барынша жасыратыны туралы тараған ақпарат – фейк.