Вакциналар арқылы халықтың санасын жаулап алу – конспирология
Telegram мессенджерінде француз хиропрактигі, нутриопат Пьер Гилбер сөз сөйлеген видео таратылуда, онда фейктер мен конспирология белгілері бар. Баяндаманың басты идеясы – әлемдік үкімет ұзақ уақыт бойы вакциналар арқылы халықтың санасын жаулап алып, оны басқаруды жоспарлап отыр. Кейбір мәлімдемелерді талдап шығайық.
Алдымен Пьер Гилбердің кім екенін анықтайық. Өмірбаяны қарасақ, ол хиропрактика, инемен емдеуші дәрігер, натуропат оқуын оқыған. Өзін эсхатологияның ізбасары деп санайды. Бейтаныс ұшатын нысанды зерттеуімен айналысқан, қастандық теорияларының жақтаушысы.
Мына бір минуттық видеода оның кейбір мәлімдемелері ұсынылған.
«Адамзат болашақта жасанды инфекциялар тудырады. Олар жасалғаннан кейін адамдар міндетті вакцинациядан өтуге мәжбүр болады».
Гилбердің 1995 жылы сөйлеген сөзінен алынған бұл сөздерді қастандық теорияларын жақтаушылар қазір COVID-19 пандемиясының болжамы ретінде қабылдайды. Алайда, SARS-CoV-2 коронавирусының қолдан жасалғандығы туралы теория расталмаған және бірнеше рет теріске шығарылған. Оның геномы оқшауланған және ашылған, баршаға қол жетімді. Ғалымдар оның шығу тегі табиғи екендігімен келіседі, оны штаммның мутациясынан байқауға болады.
Жапон профессоры коронавирустың қолдан жасалғандығы туралы айтпаған
«Вакциналарда адам миының жасушаларында қалатын сұйық кристалдар болады. Кристалдар адамның мінез-құлқын бақылайтын электромагниттік өрістердің микро қабылдағыштары қызметін атқарады».
Сұйық кристалдар – бұл бір уақытта сұйықтық пен кристалл (қатты дене) қасиеттері бар заттың күйі. Бұл жағдай тірі организмдерде де, LCD мониторы сияқты техникада да болуы мүмкін.
Сұйық кристалдар электромагниттік өрістерді қабылдай алмайды. Франциядағы ұлттық азаматтық құқық мектебінің доценті және электроника, телекоммуникация саласының маманы Элен Галиг APF Facts-ке: «микро қабылдағыш дыбыстық толқындарды электромагниттік толқындарға айналдыруы үшін оның сұйық кристалдары жоқ кіріктірілген батареялары болуы керек», – деп түсіндірді.
Халықты чиптеу туралы фейктерді бірнеше рет жоққа шығарған болатынбыз.
Фейк: «Вакцина өндірушілер адамдарды чиптеп жатқандарын мойындады»
Жильбер «Халықты зомбиге айналдыруға» мысал ретінде Руанданы келтіріп өтеді.
1994 жылы Руандада болған геноцид «зомбиге айналдырудан» немесе «чиптеуден» емес, саяси дағдарыс, шешілмеген этникалық мәселелер және азаматтық соғыс салдарынан болды. 1994 жылы сәуірде Руанда президенті қайтыс болғаннан кейін Үкімет пен Руанда патриоттық майданы арасындағы қақтығыс қайта жанданды. Хуту халқы елдегі екінші үлкен этникалық топ – тутси халқын құрта бастады. Геноцид құрбандарының саны 800 мың- 1 миллионға дейін болды. БҰҰ Руанда бойынша халықаралық трибунал құрып, айыптылар адамзатқа қарсы қылмыс жасағаны үшін сотталды.
Кейіннен Руанда медицинаның дамуы өмір сүру деңгейін қалай жақсарта алатындығының жарқын мысалына айналды. 20 жыл ішінде ана мен бала өлімі (оның ішінде вакцинация қарқынының артуы есебінен), АИТВ / ЖИТС-тен, туберкулезден болатын өлім-жітім айтарлықтай азайтылды. Өмір сүру ұзақтығы екі есеге жуық өсті.