Қазнетте COVID-19 қарсы жаңартылған вакцинадағы чиптер туралы әзіл шын деп ұсынылуда
Қазақстандық конспирологиялық теорияларды жақтаушылар COVID-19 қарсы вакциналардағы чиптер туралы әзіл хабарламаны ақиқат жаңалық ретінде ұсынуда. Пайдаланушылардың айтуынша, Pfizer Microsoft корпорациясымен келісімге келген, оның аясында вакцинаға Pluton процессорлары қосылады. Бұл инновация екпе жасатқандарға препараттың жанама әсерлерінен зардап шекпеуге көмектеседі екен.
Бұл жаңалықтың түпнұсқасы The Stonk Market сатиралық сайтында жарияланған. Портал қаржы және бизнес әлемі жаңалықтарын жариялайды. Порталдың сипаттамасына сәйкес, «The Stonk Market.com – бұл қаржылық сатира сайты. Сайт қаржы индустрия, акция, хедж-қорлар және әлемдік нарықтардағы ақпараттарды ерекше жеткізеді. Миссия: күн сайын әзіл жазу және көтеріңкі көңіл-күй сыйлау».
Демек, вакцинаны «жетілдіру» туралы хабарлама сатира болып табылады және шындыққа жанаспайды.
Microsoft компаниясы Pluton процессорын өткен жылы қараша айында таныстырған болатын. Ол адам ағзасында жұмыс істеу үшін емес, компьютерлер мен басқа да техникалық құрылғыларды хакерлік шабуылдардан қорғауды арттыруға арналған.
Бұған дейін біз осыған ұқсас хабарламаны жоққа шығарған болатынбыз. Онда пайдаланушылар Қазақстанда қолданылатын «Спутник-V» вакцинасында ресейлік «Эльбрус» процессорынан жұмыс істейтін сұйық кристалды чиптер бар деп айтылған еді.