Фактілерді бұрмалау: «Қытайдағы Хаоцзи әлемдегі ең ұзын теміржол көпірі»

Әлеуметтік желілерде көпірдің сюрреалистік фотосуреті тарады. Бұл-әлемдегі ең ұзын теміржол көпірі Қытайдағы ұзындығы 1813 км Хаоцзи теміржол көпірі екен. Бұл рас па, анықтайық.
Суретте көрсетілген нәрсе тұтас бір көпір емес, бұл Хаоцзи теміржолының құрамына кіретін виадуктардың бірі ғана, ол Цзиань теміржолы (бұрынғы Мэнхуа) деп те аталады. Бұл желі Қытайдың солтүстігінен оңтүстігіне бағытталған. Хаоцзи бір реттік инвестиция есебінен салынған әлемдегі ең ұзын ауыр магистраль болып саналады. Сондай-ақ ол елдің ең ірі көмір көлік дәлізіне айналды.
Ауқымы мен ұзындығына қарай жолға «темір мен болаттан жасалған ұзын айдаһар» деген лақап ат қойылған. Оның ұзындығы – 1813,5 км. Бұл жолдың арқасында көмір жеткізудің транзиттік уақыты теңіз арқылы 20 күннен теміржол арқылы 3 күнге дейін қысқарды.
Құны 27,2 миллиард АҚШ долларын құрайтын жолдың құрылысы 2014 жылы мақұлданды. Оны Қытай теміржолы және бірнеше ірі көмір өндіруші компаниялар қаржыландырған. Теміржол жобалық жылдамдығы 120 км/сағ болатын жылына 200 млн тоннаға дейін көмір тасымалдауға есептелген.
Желі құрамындағы инженерлік жетістіктердің бірі Хунань провинциясындағы Дунтинху көлі арқылы өтетін үлкен Дунтинху көпірі. Бұл ауыр теміржолдағы әлемдегі алғашқы үш тіректі аспалы көпір. Ол 10 мың тоннаға дейінгі жүктемені көтере алады. Көпірдің құрылысы 2017 жылдың тамызында аяқталды. Бұл көпірдің керемет көрінісін әуеден түсірілген суреттерден көруге болады. Желінің құрамына Фэньхэ виадукы да кіреді – оның суреті Интернетте көп. Оның ұзындығы – шамамен 8 км. 216 тірекке салынған, оның 96-сының биіктігі 50 м-ден асады, ал ең биігі 74 м-ге жетеді. Фундамент қадалары 91 метр тереңдікте соғылған. Виадук өзендер мен төбелер орналасқан күрделі рельеф арқылы өтеді. Жол құрылысының барысы туралы қытайлық және шетелдік БАҚ хабарлап отырды.
Хаоцзи теміржолы ресми түрде 2019 жылдың 28 қыркүйегінде ашылды. Желі 77 станциядан тұрады және Қытайдың негізгі табиғи аймақтарын кесіп өтеді: Муус шөлі, Лёсс үстірті, Циньлин мен Лулян тау жоталары, Янцзы өзені және басқа аумақтар. Маршрут бойында 770 көпір (жалпы ұзындығы 381 км) және 229 тоннель (468,5 км) салынды.
Демек, Хаоцзи ұзындығы 1813 км болатын көпір деген ақпарат фактілерді бұрмалау болып табылады. Бұл бір көпір емес, көптеген инженерлік құрылымдардан тұратын толыққанды теміржол желісі.
Бүгінгі таңда әлемдегі ең ұзын теміржол көпірі қандай? Біз мұны анықтау үшін ЖИ – GPT және DeepSeek негізіндегі іздеу жүйелеріне жүгіндік. Олардың пікірі бірдей: әлемдегі ең ұзын теміржол көпірі – Қытайдағы Даньян-Куньшань виадугы. Бұл ұзындығы шамамен 164,8 км болатын біртұтас көпір.
Ал әлемдегі ең ұзын теміржол Ресейдегі Транссібір магистралі болып қалуда. Оның ұзындығы 9 мың км-ден асады.