Фейк: 5G технологиясы COVID -19 таралуына ықпал етті
Қазақстандықтар мессенджерлерде дәрігер Томас Коуэн барлық аурулардың, соның ішінде COVID-19-дың 5G технологияларымен және электромагниттік толқындармен байланысы туралы айтқан бейнероликпен бөлісуде. Хабарламадағы бірнеше тезисті талдап шығайық.
Томас Коуэн – америкалық дәрігер, емделушілерді күту мен емдеу кезінде салғырттық танытқаны, сондай-ақ тиісті және дәл медициналық құжаттаманың болмағаны үшін оның лицензиясы 2022 жылға дейін тоқтатылған. Оған онкологиялық ауруларды емдеуге және дәрігерлердің көмекшілері мен фельдшерлердің жұмысын бақылауға тыйым салынған.
Коуэн 5G технологиясымен байланысты қастандық теорияларын таратады.
Томас Коуэнның айтуынша, ұялы байланыстың жаңа форматы мен электромагниттік өріс адам ағзасына қауіпті. Алайда, бұған ешқандай ғылыми дәлелдер жоқ.
5G технологиясы – бұл 24 ГГц және одан жоғары диапазонда жұмыс істейтін ұялы байланыстың жаңа форматы. Бұл толқындардың немесе сәулеленудің жаңа түрі емес. Wi-Fi технологиялары, полиция радарлары, жер маңындағы кейбір жерсеріктері және т.б. осы толқындарда жұмыс істейді.
5G желілері вирустар, бактериялар немесе ауру тудыратын басқа патогендерді тарата алмайды.
Сәулеленуден қорғау жөніндегі халықаралық комиссия зерттеулері 5G сигналдарын адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз деп таныды.
ДДСҰ хабарлауынша, 5G адам ағзасына әсерінің теріс салдары тіркмеген.
Видеоролик кейіпкерінің айтуынша, Ухань 5G қосылған алғашқы қала болған және COVID-19 таралуы сол жерден басталған. Оның пікірінше, бұл жаңа форматтағы желілер мен пандемия арасындағы байланысты дәлелдейді. Алайда, ол 2019 жылы күзде 5G антенналары Қытайдың төрт аймағындағы 50 қалада, соның ішінде Бейжің мен Шанхайда орнатылғанын ескермейді.
Қытайға дейін технологияны Корея іске қосқан.
Одан әрі Коуэн вакциналарда болатын алюминий электромагниттік толқындардың қабылдағышы болып табылатынын айтады. Бұл жалған. Алюминий гидроксиді иммундық реакцияны күшейту үшін көкжөтел-дифтерия-сіреспе, тұмау, гепатит, гемофиль, пневмококк және т.б. бірқатар вакциналарда қолданылады. Бұл қосылыстар организм үшін қауіпсіз, өйткені ол суда ерімейді, қан тамырларына енбейді және бүкіл денеге таралмайды. Денсаулыққа өте қауіпті алюминийдің еритін қосылыстары вакциналар құрамына кірмейді. Ағзадағы алюминий деңгейі мен электромагниттік сәулеленудің әсері арасында байланыс жоқ.
5G технологиясы мен КВИ таралуы арасында байланыстың жоқтығы туралы біз бұған дейін жазған болатынбыз.
Фейк: «Ғалымдар 5G технологиясы мен COVID-19 арасындағы байланысты дәлелдеді»
Сондай-ақ, 5G технологиясымен байланысты басқа да фейктерді жоққа шығардық.
Қорыта айтқанда, 5G желілерінің COVID-19 таралуымен байланысы туралы мәлімдемелер ғылымға қарсы. Бұған ешқандай дәлелдер жоқ, ал мәлімдеме авторы деректермен манипуляция жасап, оның теориясына қайшы келетін толық ақпаратты жасырады.