Fake News

ҚР СІМ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Қытайға беру туралы қауесетті жоққа шығарды

Әлеуметтік желілерде Қазақстан ауыл шаруашылығы мақсатындағы ауқымды жерлерді Қытайға беруді жоспарлап отырғаны туралы ақпарат таралуда. Хабарлама авторының айтуынша, бұл мәселе бойынша келіссөздер 2009 жылдан бері жүргізіліп келеді, ал жалпы жердің ауданы 1,7 миллион гектарға жетті.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.

«Қазақстанның ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Қытайға беріп жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл фейк.

БАҚ немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенін еске саламыз.

Тек ресми дереккөздерге ғана сеніңіз», – делінген ҚР СІМ ресми хабарламасында.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша,  ҚР Жер туралы кодексінің 23-бабына сәйкес, ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзуге және орман өсiруге арналған жердi қоспағанда, жер учаскелерi шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды (мемлекеттiк емес) тұлғалардың жеке меншiгiнде болуы мүмкiн.

«Бұл өндiрiстiк және өндiрiстiк емес, оның iшiнде тұрғын үйлер мен олардың кешендерiн салу үшiн берiлген немесе олар салынған жер учаскелерi болуы мүмкiн.

Бұл ретте Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелері жеке меншікке және уақытша жер пайдалануға берілмейді», – деп хабарлайды ведомство.

Министрліктің мәліметінше, ҚР Жер кодексінің 24-бабына сәйкес, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар, сондай-ақ қандастар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік немесе жер пайдалану құқығымен иелене алмайды.

«Кодекстің 171-бабына сәйкес,  шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға жалдау шарттарымен 2016 жылғы 1 шілдеге дейін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне уақытша жер пайдалану құқығы жалдау шартының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін қолданылады және жаңа мерзімге ұзартылуға жатпайды немесе осы Кодексте көзделген уақытша жер пайдалану құқығын тоқтату үшін өзге де негіздер басталғанға дейін қолданылады», – деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button