Жалған: «Коронавирустың жаңа нұсқасы тек егілген және ауырған адамдарға ғана жұғады»
Telegram-да қазақстандықтар әлемде тек науқастар мен вакцинацияланған адамдарға ғана жұғатын «саперолог» коронавирусының жаңа нұсқасы пайда болғаны туралы жаңалықтардан үзіндімен бөлісуде. Бұл рас па, анықтайық.
Суреттерді кері іздеуге арналған құралдардың көмегімен таралған үзінді тележүргізуші Елена Лихоманова жүргізген РЕН ТВ телеарнасындағы жаңалықтар шығарылымынан алынғаны анықталды. Арнаның сайтынан қарағанда, бұл сюжеттің 2023 жылдың 1 қыркүйегінде шыққаны белгілі болды.
Онда коронавирустың жаңа «саперолог» емес, «пирола» нұсқасы туралы айтылған. Жүргізуші оның бұрын ауырған немесе вакцинацияланған адамдар үшін қауіпті екенін айтқан.
Алайда, бұл тұжырым нақты емес, оны әртүрлі түсіндіруге болады. Йель университетінің мәліметі бойынша, «пирола» нұсқасы вакцинацияланғандарға да, бұрын ауырғандарға да жұғуы мүмкін. Мутацияның салдарынан ол адамдарға жұққанда иммунитет патогенді бұрыннан белгілі қауіп ретінде танымайды. Сондықтан онымен күреспейді.
Яғни, «пирола» нұсқасы вакцинацияланбаған немесе бұрын ауырмаған адамдарға жұқпайды емес. Ол бұл адамдар үшін де қауіпті, және аурудың ауыр ағымына әкелуі мүмкін.
Қорыта айтқанда, таралған видео көрермендерді шатастырады. «Пирола» нұсқасы вакцинацияланбаған адамдар үшін де, вакцинацияланған және ауырған адамдар үшін де қауіпті. Оның қасиеттері туралы айта келе, жаңалықтар шығарылымының жүргізушісі патогеннің вакцинация немесе бұрын ауырғанның нәтижесінде қалыптасқан иммунитетке қарамастан адамдарға жұғуы ықтимал екенін ғана жеткізеді.