Фейк: «Ғалымдар ақылды гуманоидтардың жаңа нәсілін құруға ниетті»
Қазақстандық қолданушылар әлеуметтік желілерде ғалымдар «ақылды гуманоидтардың» жаңа нәсілін құруға кірісті деп жазуда. Олар адам миы мен жасанды интеллект жасушаларын біріктіру технологиясы негізінде жасалады екен. Бұл рас па? Анықтайық.
2023 жылдың шілдесінде БАҚ-та Монаш университеті мен Cortical labs зерттеушілерінің тобы Австралияның Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық барлау басқармасынан 600 мың доллар көлемінде грант алғаны туралы хабарланды. Бұл қаржыны ғалымдар адам миы мен жасанды интеллект жасушаларын біріктіру технологиясын жасауға жұмсамақ.
Бұл тірі организмнен тыс және тек зертханалық жағдайда ғана жүзеге асырылады. Бұған дейін Cortical labs компаниясы Петри табақшасында виртуалды пинг-понг ойнай алатын тірі жасушалар тобынан «шағын ми» жасай алды.
Бұл жасушалар тобы гуманоидқа да, жаңа нәсілдің бастауына айналмағаны анық. Бұл әзірленіп жатқан жаңа технологияға да қатысты. Ғалымдар тірі ми жасушалары мен жасанды интеллектті біріктіре алса да, бұл «қоспаны» қандай да бір тіршілік иесіне енгізбейді. Оның орнына, әзірлеме негізінде «ақылды» технологиялар жасау жоспарланып отыр, олардың мүмкіндіктері қазіргі кремний жабдықтарынан бірнеше есеге артық болады.
Техникалық жағынан, жоба адам миының жүздеген мың жасанды түрде өсірілген жасушаларына ұқсайды, кейін олар кремний тақталарына имплантацияланады.
Мысалы, жаңа әзірлеме негізінде жүргізушісіз жүретін автомобильдер, автономды дрондар, жеткізуші роботтар және тағы басқаларын жасауға болады. Сонымен қатар, бұл технологиялар өмір бойы «үйренеді», дағдыларды тез меңгереді және қазіргіге қарағанда дәлірек қолданылады.
Қорыта айтқанда, ғалымдар әлдеқайда жетілдірілген технологияларды жасауға мүмкіндік беретін жаңа жобаны қолға алды. Әзірлеушілер ақылды гуманоидтар нәсілін шығаруды жоспарлап отырған жоқ.