Конспирология

Фейк: «Испан телевидениесінде химтрейлдер туралы ашық айтылады»

Қазнетте испан телевидениесінде эфирге шыққан видео тарады. Онда химтрейлдер –ұшақтардан улы заттар шашу туралы айтылады. Пайдаланушылардың пікірінше, бұл туралы теледидардан айтылса, ол енді қастандық теориясы емес, дәлелденген факт. Бұл рас па? Анықтайық.

Бейнежазбада химтрейл теориясын «дәлелдеп» сөз сөйлеген ер адам – испан конспирологы және covid-диссидент Хуан Сарагоса, ол өзін аэроғарыш инженері деп санайды, бірақ мұны растамайды. Оның пандемия мен вакцинация туралы мәлімдемелерін испан фактчекерлері бірнеше рет жоққа шығарды.
Оның химтрейлдер туралы видеосы да жалған. Біріншіден, ұшақтар ауаға бірқатар қауіпті заттарды әдейі шашады деген теория 1990 жылдардан бері таралуда. Осы уақыт ішінде оның бірде-біреуі расталмады.
Екіншіден, видеода Сарагоса көрсететін қара жолақты карта ұшақтардың у шашатынын мүлдем дәлелдемейді. Картада жанартау күлінің бұлты бейнеленген. Дәл осындай Meteosat спутниктік карталары 2010 жылы Исландияның оңтүстігіндегі Эйяфьялла жанартауы мен Индонезиядағы Мерапи жанартауының үстіндегі күл бұлттарын бақылау үшін қолданылған.
Үшіншіден, видеода Сарагоса әр түрлі адамдардың шашын талдау оларда ауыр металдардың барын көрсетті, ал бұл химтрейлдер туралы теорияны дәлелдейді деп мәлімдейді. Шын мәнінде, Саламанка университетінің биохимигі және зерттеушісі Альваро Гачо Newtral.es порталына хабарлағандай, бұл жаңсақ пікір.
– Мұндай жоғары көрсеткіштер азық-түліктің ластануының басқа себептерімен немесе өнеркәсіптік және тау-кен өндірісі бар аудандарға іргелес географиялық аудандарда орналасуына байланысты болуы мүмкін, – деді сарапшы.
Қорыта айтқанда, Хуан Сарагостың видеосы қай жерде көрсетілсе де, химтрейлдер туралы теорияны дәлелдемейді. Демек, таралған ақпарат – фейк.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button